«Реформалар қалай жүруі керектігін шенеуніктерден гөрі біз жақсы білеміз»: Respublica партиясының съезі қалай өтті

Аян Өрібай

Астанада бүгін Respublica партиясының кезектен тыс І съезі өтті. Жаңадан тіркелген партия атынан Мәжіліс депутаттығына 29 үміткер ұсынылды. Партияның төрағасы, тең төрағалары мен жақтастары да сөз жағынан әзірге ешкімге есе берер емес. Жалындап тұр. Екі сағатқа созылған съездің кейбір тұсы коучингке ұқсап кетті ме дедік. Әрі оған таңғалған жоқпыз.

«Ескі Қазақстаннан алшақтауға ұмтылып жатырмыз»

Съезге партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров, тең төрағалары – Сырымбек Тау, Руслан Берденов, Максим Барышев, Динара Шүкіжанова, Қуаныш Шонбай, Бейбіт Әлібеков, сондай-ақ 20 аймақтық филиалдың өкілі қатысты. Бәрі де елге аты шығып қалған – кіл кәсіпкер. Алды үлкен холдингтерге жетекшілік етсе, кейбірі коуч атанып, елге «Екінші болмауды» үйретіп жүр. Саясат жайлы әңгіме қозғаған олардың аузынан «қазір бәріміз бір-бірімізді қолдауымыз керек», «Алаш қайраткерлерінің ізін жалғау керек» деген сөздер көп айтылды. «Көп керектің» жолында қаншалықты елге қызмет ете алатынын уақыт көрсетеді, әлбетте.

Respublica партиясының тең төрағалары, кәсіпкерлер Сырымбек Тау мен Руслан Берденов партиялық тізімдер және бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша ұсынылған сегізінші мәрте сайланғалы отырған кандидаттардың тізімін таныстырды. Сырымбек Таудың айтуынша, Respublica – бизнес өкілдерінің, түрлі сала кәсіпкерлерінің, бизнес-қауымдастықтардың, жоғары оқу орындары жетекшілерінің, сарапшылар мен мамандардың, ұйымдастырушылар мен идеологтар партиясы. «Олардың әрқайсысы тәжірибелі және тиімді басқарушы, нағыз көшбасшы» деп сендіреді ол.

«Әрқайсысының жеке табыс тарихы бар. Әркім мыңдаған жұмыс орындарын ашады, технологияларды, бизнес саласына ең заманауи тәсілдерді енгізеді, білім мен озық тәжірибені таратады, өз аймақтарында азаматтардың өмірін жақсартады – бүкіл елдің әл-ауқатын арттыру үдерісіне кірпіштен кірпіш әкелуде. Олардың білімі, тәжірибесі, кәсіби қызмет аясы әртүрлі болуы мүмкін, бірақ олардың бәрі бір нәрсеге – елді өзгертуге, ескі Қазақстан идеяларынан, бұрын мызғымастай көрінген қалыптасқан тәртіптен алшақтауға ұмтылып жатырмыз», – деді Сырымбек Тау.

«Біздің жақтастар бәрін біледі»

Руслан Берденов болса кандидаттардың өз аймақтары мен салаларындағы ауыртпалық пен проблемаларды жақсы білетінін айтады. Сөзінше, қазір Астананың сол жағалауын толтырып жатқан шенеуніктерге, аппаратшыларға қарағанда, жаңа партия өкілдері реформаларды қалай жүргізу, азаматтық бақылауды қалай жүзеге асыру керектігін, қандай заңдар қажет, қайсысы ескіргенін немесе еш қажеті жоқ екенін біледі.

«Біздің өкілдерміз озық білімді, бизнесте нақты істері бар, әлемнің әртүрлі елдерінде болған, онда мемлекеттік аппараттың қалай сауатты ұйымдастырылғанын және парламенттердің қалай тиімді жұмыс істейтінін біледі. Ең бастысы, олар оны Қазақстанда қалай жүзеге асыру керектігін біледі», - дейді ол.

Respublica партиясынан сайлауға кімдер барады?

Партиялық тізім бойынша Respublica партиясынан Мәжіліс депутаттығына мына адамдар баратын болды.

1. Айдарбек Ходжаназаров.

2. Айтуар Қошмамбетов.

3. Әсел Дәкен.

4. Әсем Әбдірайымова.

5. Бақытбек Хамит.

6. Бейбіт Әлібеков.

7. Дамир Суентаев.

8. Данара Смайл.

9. Дархан Иманашев.

10. Динара Наумова.

11. Динара Шүкіжанова.

12. Екатерина Смолякова.

13. Ермек Өмірзақов.

14. Зейнолла Әбдуманапов.

15. Игорь Копайлов.

16. Қайрат Майшев.

17. Қуаныш Шонбай.

18. Қуанышбек Мұқаш.

19. Қырмызы Жандосова.

20. Қоянбаев Нұрлан.

21. Нұргүл Тау.

22. Олжас Сұлтанов.

23. Олжас Болатбекұлы.

24. Олжас Құспеков.

25. Берденов Руслан.

Сонымен қатар партия атынан тыс мажоритарлы жүйе бойынша Respublica партиясынан төрт үміткер - Бағила Балтабаева, Махамбет Хасенов, Назигүл Шаймарданова мен Сырымбек Тау ұсынылды.

«Екінші болмаймын»

Съез аяқталғаннан кейін кочу, бизнес-психолог атанған Қуаныш Шоңбайға журналистер бірнеше сұрақ қойды. «Екінші болып қалудан қорықпайсыз ба?» деген сұраққа партияның тең төрағасы былай дейді.  

«Кітаптың идеясы – егер адам өзін ұтса, бірінші болады деген сөз бар. Мен ол кітапты «Бірінші бол» деп те атасам болар еді. Өзін жеңген адам бірінші, өзінен жеңілген адам екінші, үшінші, төртінші болып кете береді. Сондықтан, сайлауға қатысуымыздың өзі – менің екінші болмағанымды көрсетіп тұр. Қандай нәтиже болса да іштей өзімді бірінші деп есептеймін».

«Артымызда олигархтар тұрған жоқ»

Съез басталмас бұрын блогер Бейбіт Әлібеков Ulysmedia.kz тілшісіне Мәжіліс сайлауына бармайтынын айтқан. Алайда съез аяқталғаннан кейін Әлібеков ұсынылған кандидаттардың тізімінде бар болып шықты. Мұның мән-жайын асыға басып шығып кеткен Әлібековтен сұрай алмадық. Алайда партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров жақтасын партиядан көргісі келетін секілді.

«Бейбіт адамдардың бәрі «Республика партиясын бәрі блогерлер партиясы деп жатыр, мен кетейін» дейді. Бірақ біз оған «қалай кетесің, біздің партияға ұйытқы болғандардың бірісің» деп, күштеп қосып отырмыз», - дейді ол.

Айдарбек Қожаназаровдан «сіздердің арттарыңызда олигархтар тұр деген әңгіме бар, бұған қалай жауап бересіз?» деп сұрадық. Бұл сұраққа жауап берген Қожаназаров «бүкіл қаржымыз – тең төрағалардың өзініің салып отырған ақшасы» деп жауап берді.

«Әртүрлі олигархтарды бізге телиді. Мысалы «артынша Андрей Лаврьентев тұр» дейді. Гиперборей солай деді ғой деймін. Мен Лаврьентевті өмірімде үш рет көрген шығармын. Біздің артымызда ешқандай олигархтар тұрған жоқ. Әрқайсымыз кәсіпкерміз. Бізге олигархтар керек те емес. Көзқарасы оң адамдар біздің партияға кішігірім көмегін беріп жатыр. Біреу 10 мың теңге, екіншісі 100 мың теңгесін береді», - дейді ол.

Партияға бара жатқаннан кейін республикашылардың нақты мақсаты қандай екенін білмек болғанбыз. Айдарбек Қожаназаров партияның саяси бағдарламасы барын атап өтті.

«Біз жүйені ауыстырып, басқаша амал-әдістерді енгізгіміз келеді. Әрқайсымыз істің адамымыз. Сондықтан, ең бастысы, жүйеге басқаша амалдарды енгізсек дейміз. Қазір партиялардың бәрі ұқсас. Олар өзекті мәселелерді ұғынып отыр. Алайда шешу жолдарына келгенде біздікі басқаша. Біз кәсіппен келе жатырмыз. Олар үкімет жұмысынан шыққан. Біз күнделікті бәсекедеміз. Бәсекеден қорықпаймыз», - дейді ол.