«Отбасыма қарсы саяси репрессия»: Инга Иманбай полицияға шақырылды

Ulysmedia

Тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі Жанболат Мамайдың зайыбы – Инга Иманбай полицияға шақырылғанын хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«23 ақпан күні Украинаны қолдау жөніндегі пикет өткізуге рұқсат берілмегеннен кейін маған Еңбекшіқазақ ауданы полиция бөлімінен хабарласып, «ұлтаралық алауыздықты қоздыру» ісі бойынша әңгімеге тартты. Полиция қызметкері Диас Хасенов маған қатысты іс барын және Алматы полиция департаменті тиісті шара қабылдау жөнінде өздеріне оны жібергенін түсіндірді. Оның айтуынша, менде процессуалдық статус жоқ, себебі мен түсініктеме беру үшін келуім керек екен», - деп жазады Инга Иманбай.

Иманбай полицияның байланыс нөмірін адвокатқа жолдаған.

«Адвокат Алматыға бүгін ғана келеді. Ол полиция қызметкерлерімен ІІБ-не осы аптаның басында келетіні жөнінде келісті. Бүкіл үгіт жұмыстарын тоқтатып, ІІБ-ге баратын секілдімін. Қандай жолмен болсын мені қудалау – саяси тапсырыс болатынын ескерткім келеді. Оған қоса сайлау мен менің күйеуім Жанболат Мамайды қылмыстық қудалау шеңберінде – мұны менің отбасыма қарсы саяси репрессия актісі деп бағалауға болады», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украинаға басып кіріп, 1 жыл бойы өзінің басқыншылық әрекеттерін «әскери операция» деп атаудан танбай келеді. Бұдан бұрын Инга Иманбай 24 ақпан – бұл Украина үшін ғана емес, тәуелсіз және гүлденген мемлекетте өмір сүргісі келетін Қазақстан азаматтары үшін де маңызды күн екенін айтқан болатын.

Алайда Алматы жеке пикет өткізуге рұқсат бермеген.