Депутаттық мандат үшін сайлау марафоны аяқталды. Дауыс қорытындысын күту ғана қалды. Бірақ шын шайқас әлі де көлеңкеде – «шыңдалған» шенеуніктер Тоқаев енді премьерлікке кімді қояр екен деп асыға күтіп отыр.
Осы ретте Ulysmedia.kz тілшісі үкіметті басқаруға әлеуетті үміткерлердің өмірбаянын зерттеуді жөн көрді.
«Бостандық паспортының» иегері: Әкежан Қажыгелдин
Қазір Қажыгелдинді бәрі оппозиционер дейді, бірақ оның жолы қалай басталғанын білетіндер аз. Саясаткер Семей облысында дүниеге келген. Педагогикалық және экономикалық білім алған. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ол біраз жылдан кейін партиялық жолға түсіп, аудандық атқару комитетіне қызметке орналасады. 1987 жылы Қажыгелдин Мәскеуге қоныс аударып, «Жасампаз» кооперативін басқарды, бірақ бір жылдан кейін туған жеріне оралып, өнеркәсіптік кәсіпорынның директоры атанды.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған кезде Қажыгелдин облыс әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды. 1993 жылы мансапта серпіліс жасап, премьер-министрдің бірінші орынбасары, ал бір жылға жетпей Қазақстан премьер-министрі болып тағайындалды.
1998 жылы Әкежан Мағжанұлы бұл қызметінен айырылып, президенттің штаттан тыс кеңесшілігіне ауысты. Сол жылы ол өзін үкімет басына қойған Назарбаевқа қарсы президенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсынды. Әрине, оппозиция жеңілді. Одан кейін болмай қалған президент шетелге көшіп, Республикалық халық партиясын құрды. Бірнеше айдан кейін Қазақстан билігі оған халықаралық іздеу жариялады.
Сол тұста Қажыгелдинге тағылмаған айып жоқ-тын: қызмет бабын асыра пайдалану, қаруды заңсыз алу, сақтау және беру, салық төлеуден жалтару, бопсалау және бірнеше рет пара алу, пара сомасы миллиондаған долларға бағаланады деген де айып тағылды.
Сот сырттай өтіп, саясаткер кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ Қажыгелдин елге оралмағандықтан, үкім орындалмады. 2002 жылы Еуропалық конгрес экс-премьерді саяси босқын деп танып, оған адам құқығы бұзылған елдердегі демократиялық оппозицияны қолдаудың белгісі болып табылатын «Бостандық паспортын» табыс етті.
Содан бері ол елдің саяси өміріне мүлде араласпаған. Бірақ 2022 жылдың қаңтарында Қажыгелдин мәлімдеме жасап, болып жатқан оқиғаны «болжауға болатын нәрсе еді» деп атады. Оның ойынша, бұл наразылық жыл санап күшейе түскен, өйткені Қазақстандағы жұмысшылардың айлығы тым аз.
«Мен жалпы халықтың шыдамына таңғалам», - деді бұрынғы премьер-министр.
Ол Тоқаевқа «өз ұлтымен диалогқа келіп, келіссөз жүргізуге тырысуға» кеңес берді. Қатаң шараларды халыққа емес, жауларға қолдану керектігін ескертті. Одан кейін Қажыгелдин қазіргі билікпен диалог орнатуға дайын екенін де жеткізді. Онысы сәтті болды ма, әлі белгісіз.
Бозымбаев бола ма, әлде?
Болашақ шенеунік Алматыда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Edem Ltd құрылыс компаниясында бастаған. Бір жылдан кейін жас маман Алматы әкімінің көмекшісі болды.
Бозымбаев Экономика министрлігінің аймақтық саясат және қаржы басқармаларында, «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясында, Энергетика министрлігінің мұнай және газ департаментінде жұмыс істеді. Барлық жерде басшы болды.
Бозымбаев 2000 жылы 31 жасында Энергетика вице-министрі, ал бір жылдан кейін «KEGOC» ашық акционерлік қоғамының президенті болды. Бұл қызметті ол жеті жыл атқарды. Маман Самұрықта аздап жұмыс істегеннен кейін әкімдікке ауысты. Бозымбаев төрт жыл бойы Жамбыл облысын, үш жылдан кейін Павлодарды басқарды. 2014 жылы павлодарлық студенттермен кездесу барысында шенеунік бюрократиялық өмірдің тауқыметін айтып, «әкімнің ғұмыры ұзақ емес» деген болатын.
2014 жылы желіде президенттің кезекті жолдауында Қанат Бозымбаевтың көзін жұмып түскен суреті пайда болды. Оны көргендер шенеунікті «ұйықтап жатыр» деп сөккен. Бозымбаевтың өзі «мен мемлекет басшысының жолдауымен ұйықтайтын ақымақ емеспін» деп ақталды.
2016 жылы Бозымбаев энергетика министрі болып, тағы да сынға ұшырады. Министрлік басшысы ретінде бірнеше өңірде бензин тапшылығына жол берді. Содан кейін оған сол кездегі премьер-министр министр Бозымбаевқа сөгіс жариялап, орынбасарын қызметінен босатты.
Бірақ Бозымбаев одан ары шеттетілген жоқ. Кейін президенттің көмекшісі болды да, 2021 жылдың аяғында Алматы облысының әкімі қызметіне ауысты. Ол жерде бір жарым жыл жүрді.
Әлеуметтік желілерде Бозымбаевқа Болат Назарбаевтың бизнесін «тартып алу» міндеті жүктелгені жөнінде ақпараттар тараған. Қолынан келмегеннен кейін орнынан босаған-мыс. Ресми ақпаратқа қарасақ, ол «басқа қызметке ауысуына байланысты» жұмысын ауыстырған. Алайда жаңа лауазымы туралы әзірге ештеңе айтылмайды. Қаңтар кезінде де халықтың ортасында тұрып, аузынан шыққан сөзіне ие бола алмағаны бар. Қаңтарды еске алатындар Бозымбаевтың сол сөзін әлі күнге айтып жүр.
Президенттің құпия қаруы: Тимур Сүлейменов
Тимур Сүлейменовтың біршама білімі бар – ол Павлодар мемлекеттік университетін менеджмент мамандығы бойынша бітіргеннен кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Мэриленд университетінде оқыған. Тренингтен кейін маман бірден Ernst & Young Қазақстан аудиторлық компаниясында бас кеңесші лауазымына ие болды. Ал 31 жасында экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі атанды.
Сүлейменов 2016 жылы Ұлттық экономика министрі, 2019 жылы Ұлттық банк төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Министр кезінде Сүлейменов жиі сынға ұшырады: экс-президент Назарбаев мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы әрекетсіздігіне наразы болды. Бақытжан Сағынтаев премьер-министр ретінде үкімет отырысындағы баяндамасын тым оптимистік және шындыққа жанаспайтын деп бағалады, ал мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин заңнама тұрғысында «тайғанақтығын» сынайтын.
2019 жылы Сүлейменов президенттің көмекшісі қызметін атқарды, бірақ ол бұл қызметте бар болғаны 4 ай болды. Қазір ол президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып жұмыс істейді. Бір қызығы, шенеуніктің осы уақыт ішінде ең жиі сынға ұшырайтын «Самұрық-Қазына» қоры, «ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингтері қорының директорлар кеңесінде болып үлгерген.
Тимурр Сүлейменовты Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық саладағы спичрайтері әрі «құпия қаруы» деп те атайтындар бар. Әлеуметтік желілерде дәл осы Сүлейменов президенттің бағдарламалық сөздерін дайындайтыны жазылған.
Кімді таңдайды?
Президент үкімет басына кімді қояды? Жоғарыда аталғандардан бөлек, көкжиекте тағы бірнеше әлеуетті үміткер бар – Ноғаев, ымырашыл Жұманғарин және жап-жас Әсет Ерғалиев.
Қалай десек те бұл тізімде жаңа адамдар бар деп айта алмаймыз. Назарбаев жүйесінен шыққан шенеуніктер жұмысын тың бағытқа бұра қойып, халыққа дамудың жаңа жолын ұсына ала ма?
Президент таңдау жасап жатқан кезде қазақстандықтар үкімет басшысының кандидатурасынан кімді көргісі келеді? «Выход к правде» Telegram-арнасының жазылушыларынан премьер-министр лауазымына кімді ең жақсы үміткер деп санайтыны сұралды.
Сауалнамаға екі мың адам қатысып, олардың 43 пайызы жуырда шартты түрде түрмеден босап шыққан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-ның экс-президенті Мұхтар Жәкішевке дауыс берді. Екінші орынды Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев (14%), үшінші орынды Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев иеленді.
Мұхтар Жәкішев?
Жәкішевті жұрт неге жақсы көреді?
Ол Алматыда дүниеге келген. Мәскеу инженерлік-физикалық институтын физика-инженер мамандығы бойынша бітіріп, ҚазМУ-ға ассистент оқытушы болып жұмысқа орналасқан.
Содан кейін Мәскеудің қылмыстық іздестіру бөлімінде жұмыс істеп, кәсіпкерлікпен айналысып, «ҚазАтомӨнеркәсіпті» қирандылар арасынан шығарып, кейін энергетика вице-министрі болып жұмыс істеп, «ҚазАтомӨнеркәсіпке» қайта оралды.
Жәкішев бұл лауазымды тоғыз жыл атқарып, ұлттық компанияны әлемдік деңгейге жеткізді.
Бірақ компания басшысын кейін тұттқындалып, мемлекет сеніп тапсырған мүлікті талан-таражға салды, бөтеннің мүлкін иеленді деп соттап жіберді.
Жәкішевті жабық форматта соттады. Қоғам бұл іске «өте күмәнді әрі құпия» деп баға берген. Ақыры оны 14 жылға соттап жіберді де, ол 11 жыл жазасын өтеп шықты.
Жәкішев бірнеше рет мерзімінен бұрын босатуды сұраған. Алайда өтініші қанағаттандырылмады. Ал белсенділер оны саяси тұтқын деп, бостандыққа шығуын талап етті.
ҚазАтмоӨнеркәсіптің бұрынғы басшысы тек 2020 жылы түрмеден босап шықты. Қазір ол бизнес-форумдарда сөз сөйлеп, ел дамуы бағытында өз ойларын айтып жүр. Бірақ билікке оралғысы жоқ. Айтуынша, бұл – өте үлкен жауапкершілік.