Астанаға келген Жаңаөзен мұнайшылары Энергетика министрлігі алдында таң атырды

Ulysmedia

Наразылық білдіруге келген жұмысшылардың 700 мың теңге айлыққа көнбей отырғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Алайда мұнайшылардың өзі мұны жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ulysmedia.kz

"Олардың әңгімесі - бізді таратып жіберу. Олар жоғарыға есеп берген кезде "бізге жұмыс тауып бердік" деп айтады. Ал тауып бергендері бізге жұмыс болмайтынын біліп тұрмыз. Бізге барыңдар деген ЖШС иесімен сөйлессек сендерге сол аталған соманы (700 мың теңге) бере алмаймыз дейді. Ол жалған ақпарат деуге болады. Бұл шындық емес. Егер 700 мың теңге айлық берсе, біз бұл жерде тұрмас едік”, – дейді мұнайшылардың бірі.

Наразы топ түрлі компаниялар ортасында доп секілді ұшып-қонып жүргендеріне, тұрақты жұмыс орындары жоқтығына ашулы.

“Бізді бір ЖШС-тан екінші ЖШС-қа тығады. Одан тағы бір ЖШС-қа жібереді. Біз ойыншық сияқтымыз. Алты ай бір жерде, алты ай екінші жерде істейміз. Отпуск, демалыс деген жоқ. Балаларымыз лагерьге бармайды”, – дейді олар.

Айтуларынша, алатын жалақылары – орта есеппен 300 мың, ары кеткенде 400 мың теңге.

Айта кетейік, Энергетика министрі бүгін мұнайшылармен тілдесуге “Қазмұнайгаз” өкілдері және омбудсмен келетінін мәлім етті.