Депутат Әуесбаев мұнайшылардың наразылығын «қалыпты жағдай» деп атады

Аян Өрібай

ЖСДП мүшесі, депутат Нұрлан Әуесбаев мұнайшылар наразылығын «қалыпты жағдай» деп есептейді. «Қорқынышты жағдай болған жоқ» дейді ол, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

«Біз бұл мәселені, оқиғаның қандай болып жатқанын білеміз. Ол қалыпты жағдай, қорқынышты жағдай болған жоқ. Айтылған мәселені жергілікті жерде шешуге болар еді. Ол жақта біздің филиалдар бар. Осы мәселелерден хабардар. Жалпы елде болып жатқан жайттардан хабардармыз. Осы жерге жеткізбей шешу керек еді. Мұндай мәселелер тағы болады. Сіздер алып, үлкен мәселен қылып, көтеріп, не қылып», - деп сөзін екіұшты аяқтады Әуесбаев.

Депутаттың айтуынша, қазір қалған адамдармен мәселені түбегейлі шешу керек.

«Мұның артында кім тұрғанын зерттеу керек. Қандай саяси астары бар? Мүмкін олигархтар өз мәселелерін шешу үшін жұмысшыларды инструмент ретінде қолдануы да мүмкін. Толып жатқан мәселелер. Бәрін зерттеу керек», - деді ол.

«Сонда осының артында кім тұр деп ойлайсыз?» деген сұраққа Әуесбаев «бәлен адам тұр дей алмаймын, оны зерттеу керек» деп түйді.

Еске сала кетсек, кеше Жаңаөзеннен Астанаға наразылық білдіруге келген жүзден астам мұнайшыны арнайы жасақ пен полиция қызметкерлері автозакка салып, полиция бөліміне алып кеткен еді. Мұнайшылар Өзенмұнайгаз компаниясында тендер әділетті өткен жоқ деп, елордаға келген. Олардың көбі бүгін пойызбен Маңғыстауға қайтты. Тек оны осында қалып, ҚазМұнайГаз компаниясымен келіссөз жүргізетін болды.