«Үйқамаққа өтініш, йога және 221 млн теңге»: Мұхамедиұлының алғашқы сот отырысы өтті

Аян Өрібай

Бүгін Астана қаласының Байқоңыр аудандық №2 сотында бұрынғы мәдениет және спорт министрі (ұсталмай тұрып Ұлттық музей директоры болған) Арыстанбек Мұхамедиұлының алғашқы сот отырысы болып өтті. Экс-министрмен қатар іс бойынша күдікті ретінде тағы үш адам танылған. Бүгін прокурор Еркеғали Зәкіров экс-министр мен қалған күдіктілер не үшін айыпталып отырғанын айтты. Сонымен қатар жәбірленуші тарапынан мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Айгерім Ысқақова жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Судья Мұхамедиұлын үйқамаққа жібермеді

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалған еді. Мамырда ұсталған экс-министрдің қамауда отырғанына таяуда бір жыл болады.

Бүгінгі сот отырысында экс-министрдің адвокаты Мұстақым Төлеев судья Бағлан Ыдырысовтан Арыстанбек Мұхамедиұлының «кінәсі жоқ болғандықтан, істі тоқтатып, оны үйқамаққа жіберуді» өтінген. Қалған екі айыпталушының да адвокаты судьяға осындай өтініш жолдаған. Алайда түскі үшке дейін үзіліс жариялаған судья түстен кейін бұл ұсыныс қанағаттандырылмайтынын мәлім етті.

Іс бойынша төрт адам күдікті деп танылған. Олар Арыстанбек Мұхамедиұлы (Ұлтық музей директоры), Алмаз Нұразхан (Ұлттық музейдің экс-директоры), Азамат Көшенов (Экспонат компаниясы директорының орынбасары) пен Айым Сәдуақасова (сол компанияның бас бухгалтері). Алғашқы үшеуі қамауда отырса, жасөспірім балаларының болуына байланысты Сәдуақасова үйқамақта.

«Жаманқұлов Мұхамедиұлынан кек алып жатыр»

Сот барысында сотталушы Азамат Көшенов актер Тұңғышбай Жаманқұловты сотқа шақыруды өтінді. Ол өзі туралы актер «жалған ақпарат бергенін» мәлім етті. Көшенов себебін білу үшін Жаманқұловқа хат жазғанда актер «сені танымаймын» деп жауап берген көрінеді.

Алайда прокурор Зәкіров оны шақырудың қажеті жоқтығын айтқан. Судья да прокурормен келісті.

Адвокат Мұстақым Төлеев түске дейінгі соттаң соң актер Тұңғышбай Жаманқұлов экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алу мақсатында оның үстінен арызданғанын мәлімдеді.

Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Мұстақым Төлеев

«Тұңғышбай Жаманқұлов көпе-көрінеу жалған ақпарат таратып, менің қорғауымдағы Арыстанбек Мұхамедиұлының үстінен прокуратураға арызданып, соның негізінде заңсыз қылмыстық іс қозғалды», – дейді экс-министрдің адвокаты Төлеев журналистерге.

Адвокат Мұстақым Төлеев актер Тұңғышбай Жаманқұлов «экс-министрен кек алып жатыр» деп есептейді. Алайда актердің өзі фигурант емес екенін айтады. Төлеевтің сөзінше, Мұхамедиұлының кінәсін дәлелдейтін бірде-бір дәлел-дәйек жоқ. Сондықтан ол мұны нақақтан тағылған айып деп есептейтінін жеткізді.

«Кезінде Тұңғышбай Жаманқұловтың үстінен іс қозғалып, сотталды. Ол сол уақытта жауапқа тартылуына Арыстанбек Мұхамедиұлы себеп болды деп ойлаған. Сондықтан кек алу мақсатында оның үстінен арызданды», – дейді адвокат.

Түске дейін сотқа онлайн режимде қатысқан Арыстанбек Мұхамедиұлын түстен кейін конвой алып келді. Осы уақытта тілшілер экс-министрден денсаулық жағдайын сұраған (мұның алдында адвокаты Мұхамедиұлының денсаулығы жақсы емес екенін айтқан еді).

Алмаз Нұразхан, Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Азамат Көшенов

«Денсаулық? Күнде йогамен айналысып жүрміз. Бәрі жақсы. Ешкім қысым көрсеткен жоқ. Бәрі заңды түрде, көп рахмет», - деп жауап министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлы мен үш сотталушыға қандай айып тағылып отыр

Түстен кейінгі сотта іс бойынша прокурор Еркеғали Зәкіров Ұлттық музей директорының (Арыстанбек Мұхамедиұлы – авт.) әрекеті заңсыз болғанын,ол лауазымды атқарған кезінде қаржылық және шаруашылық қызметке жауапты болғанын атап өтті.

Іс бойынша судья Бағлан Ыдырысов пен прокурор Еркеғали Зәкіров

«2020 жылдың қаңтарында Мұхамедиұлы жұмыс орнында болған кезінде музей халықаралық көрмелерді өткізу бағытында жоспарланған шығындарды біле тұра, пайдакүнемдікпен, жазасыз қалатынын біліп, құқыққа қарсы іс-әрекетке барды – мүлікті ысырап ету жолымен бюджет қаражатын жымқырды. Көрмелерді өз мақсатын атқару құралына айналдыра отырып, өз лауазымын пайдалану жолымен Мұхамедиұлы қаражатты жымқыру жоспарын құрған. Оның үстіне өздігімен мұны атқара алмайтынын білген ол орынбасарын іске тартқан. Өзіне алиби жасау үшін орынбасарына өз атынан қол қою құқығын берген. Қаңтарда орынбасары Мұхамедиұлымен қылмыстық келісімге келген», - дейді адвокат.

Прокурор Зәкіровтың айтуынша, бес елде (АҚШ, Германия, Италия, Индонезия мен Литвада) халықаралық көрме өткізу үшін 1 268 593 000 теңге қарастырылған. Тергеу нұсқасына сәйес, Ұлттық музей жоғарыда аталған елдермен келіссөз жүргізу барысында көрмені өткізуге келісе алмаған. Ал 2020 жылдың 12 қаңтарында Ұлттық музейден көрме өткізуге көмектесу жөнінде Үндістандағы Қазақстан елшілігіне хат жолданған.

«Мұхамедиұлы көрмелерді елдерде өткізу мүмкіндігі болмағанын біле тұра, бюджет қаражаты қайтарылуы керектігін білсе де, техникалық сипаттамаларды өзгерту жөнінде тапсырма берген. Орынбасары сипаттамаларды егжей-тегжейлі көрсетпей халықаралық көрмелерді ұйымдастыру және өткізу жөнінде техникалық сипаттамаларды мақұлдаған», - дейді прокурор.

Жалпы прокурор айыптау актісін жарты сағаттан артық уақыт оқыды. Тергеу нұсқасына сәйкес, Арыстанбек Мұхамедиұлы «қызметтік лауазымын пайдаланып, бөтеннің мүлкін шығындау арқылы жымқыру қылмысын ұйымдастырғаны және жасауғаны» үшін қылмыстық іске тартылып отыр.

«Қылмыстық іс фигуранттарының әрекеті салдарынан 2020 жылдың ақпаны мен желтоқсаны аралығында «Даму» аудиторлық компаниясының есебіне сәйкес, Экспонат компаниясымен 221 411 730 теңге жұмсалған. Осылайша, Мұхамедиұлы мен Нұразхан Көшенов және Сәдуақасованың көмегімен осы соманы шығындау арқылы алған», - дейді прокурор.

Прокурор Зәкіров Мұхамедиұлы Қылмыстық кодеккстің 28 бабы 3 бөлігі, 189 бабы 2 бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырғанын мәлім етті.

Прокурор сөйлеп болғаннан кейін судья сотталушылардың позициясын сұраған. Олардың бәрі де тағылған айыппен келіспейтінін мәлім етті.