«Ештеңе шеше алмадық»: Жаңаөзен мұнайшылары «ҚазМұнайГаз» құрған комиссияға сенбей отыр

Аян Өрібай

Жаңаөзен мұнайшыларының Астанада жүргеніне 10 күн болса да ҚазМұнайГаз басшылығымен ортақ мәмілеге келе алмаған. Бұл туралы мұнайшылар бүгін өздері ұйымдастырған баспасөз мәслихаты барысында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ulysmedia.kz

«Алты күнде ештеңе шеше алмадық...»

Жаңаөзен жергілікті кәсіподағының төрағасы Жолмұрат Ұлықпан 11 сәуірде жүзден аса мұнайшы ұсталған күні құқық қорғау органдарының, ҚазМұнайГаз аппараты өкілдерінің басшылары «комиссия құрып береміз, елдің тыныштығын ойласаңыздар, азаматтарды елше қайтарайық, Жаңаөзендегі елдің тыныштығын ойлап, қаңтардағы оқиғаға қайталанып кетпесін» деп өтініш білдіргенін айтады. Бастамашыл топ осы сөзге тоқтап, жаңаөзендіктердің көбі еліне қайтқан.

«Алайда бүгін де он күн өтті. Комиссияның нақты бір белгілі бұйрығы болмағандықтан, осында келіп отырмыз. Сәуірдің 12-нен бастап отырдық. Тек «Берәлі жұмысшыларының кездесу сұхбаты» деген сияқты хаттама беріп жүр. Жұмысшалардың аманатын алып қалдық.

Мұнайшылардың айтуынша, ҚазМұнайГаз басқарма төрағасының орынбасары Дәулетхан Хасанов 18 сәуірде шыққан басшысының бұйрығын 19 сәуірде көрсеткен. Бірақ бұйрықтың ішіндегі комиссия тізімінде кәсіподақ мүшелері мен құқық қорғаушы Зәуреш Батталова, Қуат Рахымберді тағы бірнеше өкілді (мұнайшылар сұраса да) жоқ болып шыққан.

«Алты күнді ештеңе шеше алмадық. ҚазМұнайГаздың» бізге бүгін берген жауабы осыған дейін өткен келіссөздерді қорытындылайтын хаттаманың бәрі еңбек дауына жатпайды дегенге саяды. Осыған байланысты біз Энергетика министрлігінің немесе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен  комиссия құруды талап етіп отырмыз.

Қазіргі кездеулеріміздің хаттамасына «ҚазМұнайГаз» басшысының орынбасарлары төраға ретінде қол қатысып келді. Біз ондай комиссияға сенімсіздік танытып отырмыз», - деді мұнайшылардың өкілі.

Комиссия жұмысы тоқтап тұр

Отын-энергетика кешені жұмысшыларының кәсіподағы» төрағасы Құспан Қосшығұловтың айтуынша, «Берәлі» компаниясының наразы жұмысшылары бұйрық бойынша 31 наурызда жұмысынан босап қалған. Қазір жұмыссыз. 1 сәуірден бастап жұмыстан босап қалғанын жұмысшылар ауызша естігеннен кейін заңсыз деп есептейді.

«Жұмыссыз қалғаннан кейін бұл жігіттер Өзенмұнайгазға жұмыс сұрап барады. Оның бәрін көрген шығарсыз. Энергетика министрлігіне 5 сәуірде егов арқылы қабылдау жазылады. 10 сәуір күні осында келеді. 11 сәуірде не болғанын білесіздер», - дейді ол.

Құспан Қосшығұловтың сөзінше ҚазМұнайГаз компаниясы комиссия құрғанымен, оның жұмысы қазір тоқтап тұр.

«Бізге берілген ақпарат бойынша ҚМГ-ның 30-ға тарта жұмысшысы Маңғыстау облысына тексеріс жүргізу үшін кетіп қалған. Бізге телефон арқылы ғана комиссия отырысы бұл жерде (Астанада) болмайды деп ескертті. Ал қазір біз осы күнге келіп тіреліп тұрмыз», - дейді ол.

Ал құқық қорғаушы Зәуреш Батталова ҚМГ құрған комиссия үкімет тарапынан емес, компания деңгейінде құрылғанын, оның заңсыз екенін айтады.

Мұнайшылардың талабы қандай?

Ал мұнайшы Есенжан Әбдірахимұлы мұнайшылар ұжымдық шарт бойынша жұмыс істемегендіктен ылғи осындай дау туындай беретінін айтады. Оның сөзінше, тендер ойнатқан кезде келісімшартты ұзақ мерзімге бекіту мәселесін мұнайшылар бұрыннан бері көтерген. Ақыры, келісімшарт мердігер компаниялармен 3 жылға жасалатыны биыл ғана айтыла бастаған. ҚМГ тарапы оған да уақыт сұрап отыр.

«Талаптарымыз: біріншіден, ұзақ мерзімді жұмыс беру.

Екіншіден, әлеуметтік пакет. Өзенмұнайгазда жұмыс істейтін әріптестерімізден ол пакеттің кем болмауын талап етеміз. Неге десеңіз, біз бір мемлекетте, бір кен орнында қызмет жасап жатырмыз.

Үшіншіден, еңбек жағдайы бар. Құрал-жабдықтар, техникалардың бәрі ережелерге сай болуын талап етеміз. Былтыр Кезби мекемесінде адам өртеніп өлді. Оған техникалық себептер де бар. Оған қоса құрал-жабдықтардың талапқа сай болмаған себебі де бар. Толық тергелген жоқ.

Тағы бір сұрайтынымыз – тұрақты жұмыс. Егер бізге әлеуметтік пакет, еңбек жағдайын жасаса... Бірақ осындай шешімге келген жоқпыз», - дейді Есенжан Әбдірахимұлы.

Мұнайшыларға өңір деңгейінде комиссия құрып келіссөзді жалғастыру туралы ұсыныс түскен. «Комиссияға толық сенім болған жағдайда бәріміз Маңғыстауға барып келіссөз жүргізуіміз мүмкін» дейді ол.

«700 мың теңгеге көнбей отыр» деген ақпарат рас па?

Баспасөз мәслихаты аяқталғаннан кейін мұнайшы Нұрсұлтан Нұрымұлына сұрақ қойғанбыз. Әлеуметтік желілерде осы дау басталғалы «Жаңаөзен мұнайшылары 700 мың теңге айлыққа көнбей отыр екен» деген ақпарат тараған болатын.

«Конституция бар, еңбек кодексі бар. Заңмен бекітілген ережелер бар. Заң мен еңбек кодексіне сүйенсек, 700 мың теңге ме, 500 мың бола ма – нақты заңмен жалақыны берсе, 200-300 мың бола ма – заңмен бекітсе көнеміз», - дейді ол.

Оның айтуынша, 3 немесе 9 айлық тендер тез аяқталады. Тиісінше, мұнайшылардың жалақысы да тұрақсыз болып қалады.

Күні кеше Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен ҚазМұнайГаз басшысы Мағзұм Мырзағалиев Өзенмұнайгаздың мердігер компаниялармен жасайтын келісімшартын 3 жылға ұзарту күтіліп отырғанын айтқан еді. Бұл ұсынысты мұнайшылар да құба-құп көріп отыр.

«Нақты тұрақты жұмыс болса, еңбек кодексіне сәйкес, ЕТБЖ (еңбек төлемінің бірыңғай жүйесі) бізге енгізіп берсе – тұрақты жұмыс болып есептеледі деп өзім ойлаймын», - дейді Нұрсұлтан Нұрымұлы.