Астанада экс-президенттің кенже қызы Әлия Назарбаеваға қатысы бар атышулы «ӨКМ операторы» компаниясына қатысты басты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Айыпталушылар қатарында бұрынғы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, ӨКМ операторының бұрынғы төрағасы Медет Құмарғалиев, бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек және бұрынғы бас директор Светлана Коротенко бар.
Прокурор айыптау актісін оқығаннан кейін судья сотталушылардан тағылған «айып түсінікті ме және онымен келісесіз бе?» деп сұрады.
«Мойындамаймын, ешқандай қылмыс жасаған жоқпын», - деп жауап берді Ахметжан Пірімқұлов.
Құмарғалиев те тағылған айыппен келіспейтінін айтып, оған дәлелі барын мәлімдеді.
Рустам Темірбек тағылған айыптың мәнін түсінбейтінін мәлімдеді. Ол «ӨКМ операторы» ЖШС кәдеге жарату заңмен бекітілгенге дейін Әлия Назарбаеваның тіркеуінде болғанын айтты. Оның үстіне, ол іс бойынша көрсетілген компаниялардың барлығы Назарбаеваға тиесілі екенін атап өтті.
«Оның үй күтушісі емес, Әлия Назарбаеваның өзі еді. Ол тікелей негізін қалаушы. Кінәм неде екенін түсінбеймін, экологиялық кодекске қатысты барлық міндеттемелер орындалды. Айыптаулар қисынсыз, мен кінәні мойындамаймын», - деді Темірбек.
Светлана Коротенко да тағылған айыппен келіспейді.
«Мен бұл актпен түбегейлі келіспеймін. Түсіндірме де, дәлелді бөлік те жоқ. Ешқандай келісім болған емес. Актты оқығанда менің фамилиямның орнына басқа кісінің есімі болуы керек деген ой пайда болды. Сол есімнің неге аталмағанын түсінемін. Олай болса, мен мұнда болмас та едім. Прокурор айтқандай, мен 20 адамнан тұратын жұмыс тобын, вице-министрлерді адастырдым-мыс. Бұл абсурд. Мен қылмыс жасаған жоқпын. Мен кінәні мойындамаймын », - деді Коротенко.
Прокурор оқыған айыптау актісін мына сілтемеден оқи аласыз.