СИАНЬ. Ulysmedia.kz. Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың ең ежелгі қалаларының бірі – Сианьға ұшып келді. Бұл – Тоқаевтың Қытайға жасаған мемлекеттік сапары. Оның шеңберінде екі ел арасында 20-дан астам құжатқа қол қойылды.
Сианьға сапар ертең Қытай-Орталық Азия атты ауқымды саммитпен жалғасады. Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте Қазақстан мен Қытай арасындағы келісімдер мен саммит жөнінде шетелдік БАҚ не жазып жатқанын шолып шықты.
СИАНЬ ДЕГЕН ҚАНДАЙ ҚАЛА?
«People.cn»-ның келтірген мәліметіне сүйенсек, бұл жолы саммит өтетін Сиань қаласы – Қытайдың 13 патшалығының ежелгі астанасы ретінде 3100 жылдан астам уақыт бойы қала мәртебесіне ие шаһар. 1100 жылдан астам уақыт бойы Сиань астана болған. Сондықтан Қытай Сианьды саммит өтетін орын ретінде таңдаған.
«Өйткені Сиань - Қытай әлемін түсінудің маңызды терезесі ғана емес, сонымен қатар ежелгі Жібек жолының басталған қаласы. Ұзындығы 7 мың шақырым болатын ежелгі Жібек жолы үш құрлықтың – Азия, Еуропа және Африканың экономикалық, сауда және мәдени алмасулары арасын сабақтастыратын буынға айналды және адамзат өркениетінің дамуына ерекше ықпал еткен көрінеді», - деп жазады басылым.
Шенси провинциясының орталығы саналатын қалада жалпы 13 миллионға жуық тұрғын бар. Қытайдың мәдени астанасы деп те аталады Сиань. Ең бірінші көзге түсетіні – қала өте таза әрі жасыл желекке оранған.
Қазақстаннан келген журналистерді Сианьның Чанба ауданындағы қонақ үйге орналастырыпты. Чанбаны экологиялық аудан деп те атайды екен. Қонақ үй маңында көп адам жүрмейді. Көшеде көлік те сирек. Алайда мотоцикл, мопедтермен жүретіндер көп.
Чанба ауданында жеңіл рельсті пойыз жүреді. Қонақ үйден түннің бір уақытына дейін зырылдаған үні естіледі. Қазақстанға «бұйырмай тұрған» жеңіл рельсті пойыздың Сианьда ерте тоқтамайтынын аңғаруға болады.
Сейсенбі күні «Қытай-Орталық Азия» баспасөз орталығы жұмысын бастады. Мұнда Қазақстан журналистерімен бірге басқа елдердің де БАҚ қызметкерлері бар. «Ulysmedia.kz» тілшісі қытайлық әріптесі, «Бостандық» газетінің тілшісі Чан Чуенді әңгімеге тартып, қытай газеттерінің тыныс-тіршілігі жайлы білмек болған. Қытай журналисі елде жұрттың көбі ақпаратты цифрлық ғасырда смартфондардан оқитынын, газет он шақты жыл бұрын күніне үш рет шықса, қазір бір рет шығатынын айтады.
ТОҚАЕВ КЕЛІССӨЗДЕ НЕ ДЕДІ?
17 мамыр күні жергілікті уақыт бойынша түстен кейін Сианьға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұшағы келіп қонды. Қытай тарапы екі елдің туын желбіретіп, туған күн иесін сән-салтанатпен күтіп алды. Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қарсы алып, көп өтпей келіссөздер басталып кетті.
Ақорда таратқан ақпаратта Тоқаевтың «Қазақстан үшін Қытайдың орны – ерекше, екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсат ортақ» екенін айтқаны жазылған. Президент «біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды» деп атап өткен.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытайдың өзара сауда-саттық көлемі 30 жылдың ішіндегі рекордтық деңгейге жетіп, 31 млрд доллардан асқан. Президент Қытай төрағасына 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 40 млрд долларлық межеге жеткізуді ұсынып отыр. Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан Қытайға жіберілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге мүдделі.
Фото Ақорда
Тоқаев Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы табысты ынтымақтастықты ерекше атап өтіп, көлік дәліздерін әртараптандыру аясында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) әлеуетін белсенді түрде пайдалануды ұсынды. Қазақстанда Қытайдың ірі жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашуға мүдделі екенін жеткізді.
Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық ілтипат білдіріп, 70 жас мерейтойымен құттықтады. «Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет» дейді ҚХР төрағасы.
ҚОЛ ҚОЙЫЛҒАН ҚҰЖАТТАР
Фото: Ақорда
Ақорда таратқан ақпаратқа сәйкес, мемлекеттік сапар аясында мынадай құжаттарға қол қойылған:
Қазақстан мен Қытай арасында қол қойылған құжаттардың көбінің атауы енді ғана аталғанымен, нақты қалай жүзеге асырылатыны жайлы әзірге ақпарат көп емес. Біразы меморандум деңгейінде. Қол қойылған 23 құжаттың бесіншісі – виза талаптарынан өзара босату туралы құжат әлбетте, ел ішінде едәуір қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл құжатты қауіп көретіндер аз емес. Нақты қандай талаптар алынып тасталатыны алда жазылады.
САММИТ ЖАЙЛЫ САН ПІКІР
Жоғарыда атап өткеніміздей, 18-19 мамыр аралығында Сианьда «Қытай-Орталық Азия» саммиті өтеді. Бұл тұрғыда әлемдік БАҚ-тың біразы осы саммитке назар аударып отыр. Әсіресе, ресейлік БАҚ-тың кейбір ақпараттарына бұл саммитті аса жақтыра қоймағанын аңғаруға болады. Мәселен, Ng.ru ақпарат көзі «Орталық Азия елдері жаңа көшбасшының маңайына топтасып жатыр» десе, Ria.ru саммитке қатысты мақалаға «Қытай Орталық Азиядағы КСРО жалауын көтеріп әкетті» деп тақырып қойған.
Немістің Deutsche Welle агенттігі «Қытайдың Орталық Азияға қатысты стратегиясы қандай болады?» деп сұрақ қояды. АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхиты аймағы жайлы ақпарат тарататын The Diplomat агенттігі «Саммитте Қытай Орталық Азия елдеріне қарым-қатынастың «жаңа жоспарын» ұсынатынын хабарлайды.
Әйтсе де, бұған дейін Синьхуа агенттігіне сілтеме жасаған «Жэньминь Жибао» ҚХР Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесін таратқан. Ол мәлімдемеде «Қытайдың Орталық Азиямен серіктестігі үшінші елге қарсы бағытталмағаны және ол басқа механизмдермен бәсекені мақсат тұтпайтыны» айтылған.
Бұл саммит – алты ел басшыларының 31 жыл бұрын дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бергі ең алғашқы ірі басқосуы.
Саммит барысында мемлекет басшылары «Қытай-Орталық Азия» механизмін құру, түрлі салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылайды. Маңызды саяси құжаттарға қол қойылатыны жазылып жатыр.