Еуропаның 7 мемлекеті Украинаға қолдау білдірмек

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Еуропа Одағына мүше жеті елдің басшылары ұйым жетекшілігін Ресейдің бұғатталған қаржысын Украинаға көмек ретінде пайдалануға қатысты ұсынысты белсенді түрде ілгерілетуге шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КІМДЕР ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ?

Эстония, Финляндия, Ирландия, Латвия, Польша және Швеция премьер-министрлері, сондай-ақ Литва президенті Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштаға хат жолдады. Онда Еуропалық комиссияның Ресейдің Еуропа Одағындағы бұғатталған активтері есебінен Украинаға репарациялық несие беру бастамасына қолдау білдірілген.

ХАТТАҒЫ НЕГІЗГІ ОЙ

«Бұл шешім қаржылық тұрғыдан ең қолжетімді әрі саяси жағынан ең шынайы жол болып көрінеді. Сонымен қатар ол Украинаға агрессиядан келген шығынды өтеу құқығын қамтамасыз ететін негізгі қағидатты бекітеді», – делінген 7 желтоқсан, жексенбі күні жазылған хатта.

САЯСИ МӘНІ

Хат авторларының айтуынша, егер Еуропа Одағының желтоқсандағы саммитінде репарациялық несие туралы шешім қабылданса, Украина өзін-өзі қорғауда және «әділетті әрі ұзақ мерзімді бейбітшілік» жөніндегі келіссөздерде әлдеқайда мықты позицияға ие болады.

ГЕРМАНИЯ НЕГІЗГІ КЕПІЛ БОЛМАҚ

Politico басылымының дерегіне сүйенсек, Украинаға берілетін ықтимал репарациялық несие үшін ең ірі кепілгер Германия болмақ. Еуропалық комиссия Берлиннің 50 миллиард еуродан астам соманы кепілдендіруге келіседі деп үміттеніп отыр. Бұл шешім Бельгияны Euroclear депозитарийінде бұғатталған 185 миллиард ресейлік активті Украинаға беруге көндіру үшін қажет. Сонымен қатар Франция 34 миллиард еуроға, Италия 25 миллиард еуроға кепілдік беруі мүмкін екені айтылған.