1 адам қаза тауып, 7 адам жараланды - Украинадағы дрон шабуылы

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Ресей әскері Украинаға қарсы толыққанды соғысты жалғастырып, көрші елге 149 соққы дронын жіберді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ЖАЛПЫ ШАБУЫЛДАР

Олардың ішінде Shahed, «Гербера» және басқа да үлгілер бар. Дрондар Брянск, Орел, Курск, Приморско-Ахтарск, Миллерово қалаларынан, сондай-ақ Ресей бақылауындағы Донецк пен Қырымнан ұшырылған. Алдын ала мәлімет бойынша, Украина әуе күштері солтүстік, оңтүстік және шығыс бағыттарда 131 дронды атып түсірген.

Сонымен қатар 16 дрон 11 нысанға тиіп, төрт жерде олардың сынықтары құлағаны тіркелді.

ДНЕПРОПЕТРОВСК ОБЛЫСЫ: АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Днепропетровск облысында Ресейдің соққысы салдарынан 51 жастағы ер адам қаза тапты. FPV-дрондар Зеленодольск және Грушевск қауымдарын атқылап, ауыл шаруашылығы кәсіпорнына, жеке үйге және газ құбырына зиян келтірді.

Межирицк қауымында төрт адам жараланды, олардың ішінде 14 жастағы жасөспірім бар. Жеке үйлер, шаруашылық құрылысы және көлік бүлінді. Никополь ауданында 13 жастағы қыз жарақат алды, екі бесқабатты үй, өнер мектебі және көлік зақымданды. Днепр қаласында да дрондар соққы жасап, әкімшілік ғимарат өртенді, үш көпқабатты үй зардап шекті.

Сум облысының Ахтырка қаласында үш дрон тоғыз қабатты тұрғын үйді атқылады. Облыс басшысы Олег Григоровтың айтуынша, жеті адам жараланып, ауруханаға жеткізілді. Дрондар үйдің төбесі мен қабырғасына тиіп, екінші қабаттан бесінші қабатқа дейінгі пәтерлерде өрт шықты. Құтқару жұмыстары қайталанатын шабуыл қаупіне байланысты уақытша тоқтатылды. 35 тұрғын эвакуацияланды, өрт сөндірілді. Үй қатты зақымданды.

Чернигов қаласында көпқабатты үйдің жанында дрон жарылып, газ құбыры өртенді. Кемінде үш адам жарақат алды. Қала басшысы Дмитрий Брижинский әлеуметтік желіде: «Жарылыс толқыны терезелер мен есіктерді сындырды, көліктер бүлінді. Газ құбыры өртеніп, апаттық қызметтер салдарын жоюда», – деп жазды.

Киев облысындағы Фастов қаласына Ресей әскері тағы да соққы жасады. Нәтижесінде 1500 шаршы метр аумақта екі ғимараттың төбесі өртенді. Жарылыс толқыны жеке үй мен әкімшілік ғимараттарға зиян келтірді. Өрт сөндірушілер барлық өртті ауыздықтады. Екі күн бұрын дәл осы қалада Ресейдің соққысы теміржол вокзалын толық қиратқан еді.

ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ КЕЗДЕСУІ

8 желтоқсанда Украина президенті Владимир Зеленский Лондонда Еуропа елдерінің басшыларымен кездесіп, Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамптың соғысты тоқтату жоспарын талқыламақ.