"Әлия жауапқа тартылсын": Сотталушылар "ӨКМ Операторының" нағыз иесін жазалауды сұрады

Ғалиасқар Думан

Елордада бір айдан астам уақыт бойы атышулы "ӨКМ Операторы" ісі бойынша сот талқылауы жалғасуда. Айыпталушылар орындығында төрт адам бар - бұрынғы экология вице-министрі және компания басшылығы. Компанияның нағыз құрылтайшысы деп аталған экс-президенттің қызы Әлия Назарбаева ғана сотқа шақырылған жоқ. Адвокаттардың өтініштері мен жұртшылықтың сынына қарамастан, "ханшайым" әлі де істен ешт қалып отыр. Бұл тағы да сотталушылардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Коллаж: Ulysmedia.kz

Бүгінгі үдерісте сотталушы Рустем Темірбек –  "ӨКМ Операторының" бұрынғы қаржы директоры сөз сөйледі. Ол Әлия Назарбаеваның тапсырмасы бойынша оған миллиардтаған ақша аударғаны туралы айтып, тергеудің барлық сұрақтарына бағыныштылар емес, "ӨКМ Операторының" нақты қожайыны жауап беруі керек екенін мәлімдеді.

Темірбек қазіргі жағдайға байланысты  "ӨКМ операторында" ұрлық жасады деп айыпталғандардың отбасылары зардап шегетінін айтты. Оның пікірінше, сот айыпталушыларды елдегі саяси жағдайдың ыңғайына жығып беріп отыр.

"Мемлекет қазір өз амбициясының пайдасы үшін қолдан келгенді жасап жатыр. Біз қазір қандай саяси жағдай екенін түсінеміз. Олар (мемлекет-ред.) біздің мойнымызға 29 миллиардты артқысы келеді. Олар мұны қалай істегісі келетінін түсіне алар емеспін. Олар біздің осы түрмеде шірігенімізді қалай ма? Егер шындықты қаласа, неге Қайрат Сатыбалдының ісі сияқты жасамайды", - деді ол.

Бұрынғы қаржы директоры "ӨКМ операторын" кім басқарғанын бәрі жақсы білетінін атап өтті, бірақ сот бұған көз жұмуды жалғастырып келеді.

"Біз бәріміз меншік иесінің кім екенін, сол ақшаны кім алғанын нақты білеміз. 6 миллиард теңге тікелей есеп айырысу шотына жіберілсе де (Әлия Назарбаеваның – ред.), ешкім назар аудармайды. Неліктен ол жауапқа тартылмайды? Неліктен жауап беруге мәжбүрлемейді? Неліктен бізді күнәһар еткілері келеді?

Біз - тек тұрақты жұмыс істеп, өз міндеттемелерімізді орындаған адамдармыз. Неліктен олар маған қандай құжаттарды бұзғанымды айтпайды. Тағылып отырған айыптар – бұл фантастика. Мен сізден әділдік сұраймын", - деді Темірбек сотқа.

Бұдан бұрын Рүстем Темірбек өзіне тапсырылған қораптағы миллиардтарды Назарбаеваның шотына қалай салғанын егжей-тегжейлі айтып берген еді.

Әлия Назарбаева және “ӨКМ Операторы”

Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланыстырылатын компания дау ошағына айналды.

"ӨКМ Операторы" бірнеше рет сынға ұшырады. Алдымен компанияның басқарушы директоры Руслан Шамшиевтің қайтыс болғаны, дәлірек айтсақ, өз-өзіне қол жұмсағаны туралы белгілі болды, содан кейін сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысты күдікпен экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "ӨКМ Операторы" Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев қамауға алынды.

Кейінірек компанияның бұрынғы бас директоры Светлана Коротенко да тергеу изоляторына жіберілді.

6 сәуірде іс бойынша алдын-ала тыңдаулар өткен. Сол кезде адвокаттар 2015 жылы компанияны құру туралы шешім қабылдаған бірден-бір адам – экс-президенттің қызы екенін айтып,  одан да жауап алуды сұраған.

Алайда 17 сәуірдегі отырыста судья қорғаушылардың өтініші қанағаттандырылмайтынын мәлім етті.

20 сәуірдегі отырыста Коротенконың қорғаушысы Украинаның Қазақстандағы консулын іске тартуды сұрады.

21 сәуірдегі отырыста айыпталушылардың жарты миллиард теңгені қалай ұрлағаны айтылды. Алайда олар өз кінәсін мойындамады.

18 мамырда куәгерлердің бірі Назарбаеваның зауыттарын қаржыландыру қитұрқылықтарын ашты.

Жуырда Экология министрлері «ӨКМ операторын» жеке бақылағаны белгілі болды.

Сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 18 жылға сотталған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов атышулы "ӨКМ Операторының" ісі бойынша сотқа шақырылғаны айтылды.

16 маусымдағы отырыста "ӨКМ Операторының” ақшасына қатысы бар мүйізі қарағайдай азаматтардың атын аталды. Олардың ішінде Бейбіт Атамқұлов, Асқар Мамин және Марат Қарабаев бар.