Түрмеде отырған Қайрат Сатыбалды немере ағасы, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Үшқоңыр жайлауындағы резиденцияны сыйға тартқаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Азаттық радиосының” жазуынша, 2000-жылдардың басында Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылының аумағына кіретін Үшқоңыр жайлауының кадастр дерегі өзгеріп, бірнеше жаңа учаскеге бөлінген. Кейін Шамалған ауылынан жайлауға дейін жол салынып, газ бен жарық тартылды. 2014 жылы жеке бөлінген 7 гектардай аумақта зәулім сарайдың құрылысы аяқталды. 2016 жылғы ресми тіркеу кезінде бұл жылжымайтын мүлік Қайрат Сатыбалдының меншігіне жазылған. Содан бері Қазақстанның бұрынғы президентінің немере інісі мүліктің иесі болып қала берді. Қаңтар оқиғасынан кейін көп өтпей ол қамауға алынған кезде де тергеу органдары шектеу, тыйым салған.
“Биыл сәуірдің ортасында бұрын Сатыбалдының атында тұрған жайлаудағы осы резиденция ағасы, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың иелігіндегі "Елбасы" қорының меншігіне өткен”, – делінген зерттеуде.
Мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры мен "Азаматтарға арналған үкімет" порталының жауабында мүліктің меншік құқығы сыйға тарту шарты бойынша өзгергені айтылған.
Еске салайық, Қайрат Сатыбалды былтыр қыркүйекте серіктерімен бірге 40 миллиард теңгені талан-таражға салды деген айыппен 6 жылға сотталған болатын. Астана қаласы №2 Байқоңыр аудандық сотының үкімінде Сатыбалдының мүлкін тәркілеу де жазылған. Бірақ қандай мүлік екені анық көрсетілмеген.
"Үкімнің мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша жазаны орындау бөлігі мемлекеттік сот орындаушының өндірісінде" делінген үкім шығарған судьяның журналистерге берген жауабында.
Жер кадастрі деректерінде 12,5 гектар жерде орналасқан салтанатты сарай мен коттедждер Сатыбалдының бейресми әйелі Әсел Бақтиярқызының иелігінде екені көрсетілген.
“Былтыр қарашада жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Қайрат Сатыбалдының үстінен екінші қылмыстық іс қозғап, тергеп жатырмыз деді. Агенттік Сатыбалды мен онымен байланысы бар адамдардан 1 миллиард доллардан астам қаражат қайтарылғанын айтты, бірақ әзірге тергеу аяқталғаны туралы ресми хабарланбады. Демек, қылмыстық жазаға тартылған және екінші істе күдікті боп отырған адамның атындағы мүліктің басқа тұлғаның иелігіне ауысқанына куә болып отырмыз”, – делінген материалда.
Айта кетейік, бұдан бұрын Қайрат Сатыбалдының қамауда отырып Алматыдағы зәулім қонақ үйді сатып алғаны жөнінде ақпарат тараған. Алайда Антикор бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Сондай-ақ, Сатыбалды сыбайластарымен сыртқа шығарған 464 млрд теңге елге қайтарылғаны хабарланған.
Сондай-ақ,