Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ең ықпалды адамдардың рейтингі жарияланды

Ғалиасқар Думан

Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағының журналы мұнай-газ саласындағы ең ықпалды бизнесмендердің рейтингін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Дәлірек айтсақ, Қазақстанның мұнай-газ саласының ең ықпалды 50 адамының есімі жарияланды.

"Рейтингті тәуелсіз сарапшылар комиссиясы дайындады және ол мұнай мен газ саласындағы негізгі тұлғаларға нақты шолу жасайды", - делінген басылымда.

Бірінші орында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев тұр. Ол 52 жаста, бүкіл мансап жолында энергетика саласында жұмыс істеді. Министр лауазымына 2023 жылдың сәуір айында тағайындалды.

Екінші орынды кәсіпкер, "Kazenergy" энергетикалық кешенінің басшысы Тимур Құлыбаев иеленді. Ол Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша "Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені – 2022" рейтингінде екінші орында. Сондай-ақ, әйелі Динарамен бірге "Қазақстанның ең бай 50 кәсіпкері – 2022" тізімінде екінші орынға жайғасқан. Тимур Құлыбаевтың дәулеті – 4,6 млрд доллар.

Үшінші орында – "ҚазМұнайГаз" АҚ басқарма басшысы Мағзұм Мырзағалиев. Ол бұл лауазымды 2022 жылдың сәуірінен бастап атқарып келеді. Бұған дейін ол Қазақстанның экология, содан кейін энергетика министрі қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, ол 4 ай  президенттің кеңесшісі болды.

Төртінші орында Бекет Ізбастин тұр. Ол – "PSA" ЖШС Бас директоры. Компания Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісім бойынша Қазақстан Республикасының мүддесінде әрекет ететін өкілетті орган болып табылатыны көрсетілген.

Бесінші орын Болат Ақшолақовқа бұйырды. Ол 2022 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың сәуіріне дейін Қазақстанның энергетика министрі қызметін атқарды. Сәуір айында президенттің кеңесшісі болып тағайындалды. 

Айта кетейік, бұдан бұрын Сәтқалиевтің командасы "Самұрықта" 400 млн теңгеден астам сыйақы алғаны хабарланған.