Қазақстандық актер Нұртас Адамбай мәжіліс депутаты Ринат Зайытовқа үндеу жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Актер жақында берген сұхбатында алаяқтық әрекеттердің 80%-ын намаз оқитындар жасайды деп мәлімдеген депутаттың сөзіне шүйлікті.
"Біздің еліміздегі алаяқтық әрекеттердің 80% -ын намаз оқитын адамдар жасайтыны туралы сөздеріңізге дәлелдер келтіруді сұраймын. Әйтпесе, мен сізді мылжың деп қабылдаймын. Ал мылжыңдарға парламентте орын жоқ. Аллаға сенушілерге күйе жағатын сөздеріңізге дәлел келтірмесеңіз, депутаттық креслоны босатып, оны лайықты адамға беруіңізді сұраймын. Өз сөздері үшін жауап бере алмайтын адамдар заң шығарушы биліктің атынан сөйлей алмайды", - деді Адамбай.
Айта кетейік, жуырда интервью эфирінде Ринат Зайытов мектептерде балаларға арналған намаз бөлмелерін ашу туралы пікір білдірді.
«Мектептерде намазхана болса, онда буддистердің, христиандардың, яхудилердің өзінің діни құлшылығын жасайтын бөлмелер ашып берейік. Біз зайырлы мемлекетпіз. Біз барлығының құқығын тең сақтауымыз керек», – деді ол.
Бұдан кейін ол Ислам дінін қабылдаған рэп-орындаушының сөзін мысалға келтірді.
«Айс Кьюб деген рэп орындаушы «сіз мұсылман дінін қабылдағансыз ба?» деген сұраққа «жоқ» деп жауап беретін. «Неге мойындамайсыз?» десе, «өйткені менің бойымда ұялатын дүние көп» дейтін. «Сондықтан мұсылманмын деп айтуға ұяламын. Ертең басқа мұсылман менің қателігімді қайталамасын» дейтін. Мен сізге факт айтайын. Қазақстанда жасалып жатқан алаяқтықтардың 80 пайызын жасап отырған қауым – намаз оқитындар. Өтірік десе бетіме бассын. Тіпті қарапайым базарға барыңыз, басқа жерге барыңыз «Алла» деп тұрып адам алдап жатыр. Онда жанашыр адамдар осыны түзетсін», – дейді Ринат Зайытов.
Айта кетейік, бұдан бұрын белгілі айтыс ақыны, мәжіліс депутаты Ринат Зайытов өзіне шабуыл жасалып жатқанын мәлімдеген.