Алматылықтар соңғы уақытта Шымбұлақтағы шаңғы жолдары тіпті қаланың шетінен жарқырап көрінетінін байқап жүр. Мұны мегаполистегі қою түтіннің сейіле бастағанымен байланыстыратындар баршылық. Алайда оның сыры тау-шаңғы курортында биылғы маусым қарсаңында енгізілген жаңашылдықтарының біріне тікелей қатысты болып шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Шымбұлақ тау-шаңғы курортының мамандары кезекті маусымның ашылуына орай баспасөз өкілдерінің басын қосып, шаңғы тебуді жайлы да қауіпсіз ету мақсатында енгізген жаңашылдықтарды таныстырды.
ЦИФРЛАР
Соңғы бірнеше жылда елде тауға шығу, шаңғымен сырғанау мәдениеті қарқынды дамып келеді. Бұл қысқы туризмнің дамуына да өзіндік елеулі үлес қосып жатыр. Мәселен, былтыр Шымбұлаққа 1,5 миллион турист келген. Оның ішінде шетелдік туристер саны ұдайы өсуде. Курорт әсіресе Үндістан, Қытай, Малайзия және Сингапур елдерінің азаматтары арасында танымал. Күніне орта есеппен 5 мыңнан 10 мыңға дейін қонақ сырғанайды. Бұрын аптаның демалыс күндері адам көп келсе, қазір барлық жеті күнде де адам саны шамамен бірдей.
ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР: ЖАРЫҚТАНДЫРУ МЕН ҚАР ШАШАТЫН ҚҰРЫЛҒЫЛАР
Операциялық департамент жетекшісі Александр Руденко курорттағы ең маңызды жаңалық ретінде жарық шамдарының толықтай жаңартылуын айтады.
– Біз Комби 1 трассасындағы жарықты түгелдей жаңарттық. Қосымша 204 жаңа жапондық лэд шамдарын орнаттық. Осының арқасында кешкі мезгілде сырғанайтын қонақтарымыз ешқандай қиындыққа тап болмайды. Енді көрінбейтін учаскелер деген жоқ. Осы арқылы біз курорттағы жарақат жағдайларын азайтып, қонақтарға жайлылық сыйлағымыз келеді, – дейді ол.
Александр Руденко сондай-ақ ілмекті көтергіштің монтажы аяқталуға жақын екенін жеткізді. Бұл - бастапқы жолдардағы қонақтар ағынына көбірек қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
– Шымбұлақта дайын әрі қиын трассалар баршылық, ал балалар мен енді үйренушілер үшін сырғанау жолдары жетіспейтін. Біз осының қолға алып, алаңды жаңа жылға дейін іске қосамыз деп отырмыз, – дейді ол.
Ал жалға беру департаментінің жетекшісі Елдос Құрсабаев шаңғы маусымын ертерек ашып, жайлы сырғанау алаңдарын жасау үшін Еуропадан арнайы қар шашатын құрылғылар сатыл алынғанын атап өтті.
– Енді бізде қараша айынан мамыр айына дейін қар төсеуге мүмкіндік бар. Сол арқылы маусымды соза аламыз. Құрылғылар Шымбұлақтың жанынан ағып жатқан өзен суынан қар жасап шығарады. Бұл қар жерді қатайтады. Осының үстіне жауған табиғи қар жақсы жабысады, –дейді ол.
СЫРҒАНАУДЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК
Биылғы маусымда курортта шаңғы тебу қымбаттай түскен. Қазір Шымбұлақта 8.30-18.00 аралығында шаңғы тебу 17 мың теңге тұрады. Балалар үшін 5 мың теңге. Күннің алғашқы жартысында ересектерге шаңғы тебу 13 мың теңге болса, балаларға 3,5 мың теңге. Түстен кейін сәйкесінше, 14 мы және 4 мың теңге. Кеші сырғанау 19.00-ден кейін 10 мың теңге. Жаңа келушілерге 5500 теңге. Жастар тарифі деген жоқ.
Бұған дейін бір күндік билет құны жұмыс күндері 7600 теңге, демалыста 11 400 теңге болған.
Елдос Құрсабаев туристер санының күрт өсуі инфрақұрылымның тезірек тозуына әсер етпей қоймайтынын айтады.
– Инфрақұрылымды қалыпты күйде ұстау, уақтылы жөндеу жұмыстарын жүргізу, профилактикалық қызмет көрсету қомақты қаражатты талап етеді. Сонымен қатар, қосалқы бөлшектерді біз еуропалық мемлекеттерден әкелеміз. Шымбұлақ тау-шаңғы курорты табатын табыстың 60 пайызы инфрақұрылымның жұмысын қамтамасыз ету мен оны күтіп-ұстауға жұмсалады, – дейді жалға беру департаментінің жетекшісі.
Александр Руденко курортқа салынған инвестицияның қайтымы ұзақ уақытты алатынын атап өтті.
– Шартты түрде алар болсақ, аспалы жолдардың қосалқы бөлшектерінің бәрі Еуропа елдерінде жасалады. Инфляция мен курстың қымбаттауы курорт күтіміне әсер етеді. Қызмет көрсету бөлшектері Еуропадан долларға алынады. Қар шашқыш құрылғыларды да шетелден валютада аламыз, – дейді ол.
Сонымен қатар Александр Руденко курорт қызметінің қымбатшылығын қауіпсіздікті күшейтумен де байланыстырады. Оның сөзінше, былтырғы келушілер арасында 18-бен 30 жас аралығындағы жастар жиі жарақат алатынын көрсеткен. Ал ең жиі жарақат алатын келушінің портреті – 31 жастағы сноубордшы. Яғни шаңғы тебетіндерге қарағанда, сноубордпен сырғанайтын жастар жиірек жарақат алады.
– Біз курортқа жыл сайын халықаралық деңгейдегі мамандарды шақырып, курорт жұмысын үйлестіру бойынша олармен тәжірибе алмасып отырамыз. Одан бөлек тендерцияларды үнемі бақылауда ұстаймыз. Еуропаның курорттарында 100 шаңғышыға 5-10 сноубордшыны ғана көресіз. Еуропада шаңғы мәдениеті анағұрлым дамыған. Бізде 10 сырғанаушының 8-і сноубордшы. Шаблондар өзгеріп жатыр. Сәйкесінше, бізге де жауапты кезеңге өтуге тура келеді. Біз де ірі еуропалық курордтардағы мәдениетті ендіргіміз келеді. Жаңа баға саясаты бойынша ашылғалы жарақат алушылар саны азайғанын байқап отырмыз. Халықаралық тәжірибе бойынша 1000 сырғанаушыға 2,5 жарақат жағдайы тіркеледі. Ал бізде қазір бұл 1000 келушіге 1,67-ге дейін төмендеді. Былтыр 1,71 болатын, – дейді ол.
ҚҰТҚАРУШЫЛАР ҚЫЗМЕТІ
Шымбұлақ тау-шаңғы курортында бір ауысымда 9 құтқарушы істейді. Олар арнайы бекеттерде отырады.
Құтқарушы Александр Голованов күнделікті жұмыс төрт бағыттан тұратынын жеткізді:
1) Туристер келгенге дейін сырғанау жолдарына шығып, қауіпті орындарды анықтап, белгілейді. Қауіпті жолдарға ескертпелер іліп, қажеттілікке қарай сырғанау жолдарын ашып-жабады.
2) Шақырулар бойынша сырғанаушыларға түрлі көмек көрсетеді. Курортта медициналық пунк істейді. Ол жерде дәрігер мен екі фельдшер бар.
3) Қар көшкіні қаупін қадағалау. Қауіп болса, қолдан көшкін жасап, қауіпті сейілту. Қажеттілікке қарай жолдарды, тіпті курортты жабу
4) Аспалы жолдарда техникалық ақау шығып, кабинада адамдар қалып қойса, олардың эвакуациялау. Бұл өте сирек болатын жайт.
ҚАУІПТІ КЕЗЕҢ
Александр Голованов шақырулар әдетте кешкі уақытта, 21.00-ден кейін түсе бастайтынын айтады.
– Туристер кешке қарай күшін есептемей биік жолдарға шығып алып түсе алмай қалып жатады. Немесе шаршап, құлап жарақат алуы мүмкін. Сондықтан сырғанау алаңдарын таңдағанда шаңғыға жаңадан тұрып жүргендер кіші жолдарда сырғанағаны жөн. Егер шаршап, күшің қалмай тұрса, биік жолдарға шықпау керек. Бізге түсетін шақырулардың жартысына жуығы жалған болып шығады. Барсақ, әлі қалмай немесе шамасын білмей биікке шығып алып төменге түсе алмай қалғандар. Мұндайда ескертіп, сырғанау ережелерін сақтауға кеңес береміз, – дейді ол.
Құтқарушының айтуынша, бір жылдары курортта бірқатар қайғылы жағдай тіркелген. Оның бірі жүрек талмасымен байланысты болса, бірі қауіпті аймаққа өтіп кетіп, жарақат алғаннан болған. Сондықтан сырғанауға шыққанда әркім қауіпсіздік ережелерін сақтап, өзінің денсаулық жағдайын ескеруі аса маңызды.