Мүгедек баласы бар аналар «Бақытты отбасы» бағдарламасымен үй ала алмай отыр

Аян Өрібай

Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркинаның айтуынша, мүгедек баласын баққан анаға жұмыс істеп, табыс табу қиын. Ал «Отбасы банк» қай санат болмасын, төлем қабілеті расталса ғана көмектеседі, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.

Фото: Ашық дереккөздерден

«Бағдарлама шарттарына сәйкес көп балалы, толық емес және кемтар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларда соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (ЕТК) аспауы тиіс. Тиісінше бұл сома 106 336 теңгеге тең. Сондай-ақ еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен зейнетақы аударымдарына сәйкес табыстарды растау айқындаушы фактордың бірі саналады. «Отбасы банк» АҚ ақпараты бойынша 2021 жылғы 2 қыркүйектегі жағдай бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыру басталғалы бері оған 14 897 адам қатысуға өтінім берген. Оның ішінде 13 581 адам қарыз алған. Тиісінше 1 316 адамға қарыз беру бойынша бас тартылған», - дейді Айгүл Нұркина.

Оның айтуынша, зейнетақы аударымының болмауы, табыстың жетпеуі салдарынан көп адам бағдарламаның игілігін көре алмай отыр.

«Әсіресе, «мүгедек баланы тәрбиелеп отырған» санаттағы адамдарға төлем қабілетін растауға қиынға айналды. Мәселен, ана мүгедек баласын бағып отыр делік. Оның ресми жұмысы болмағандықтан, зейнетақы аударымы да жоқ. Яғни ол аталмыш бағдарламаға қатыса алмайды. Қосалқы қарыз алушыны да тарта алмайды. Онда табыс қайдан брлсын? Мүгедек баланы баққаны үшін берілетін 48 мың теңгеден басқа несі бар? Оған қосымша бейресми жұмыс істеп ақшасын толтырса мынадай амалы болар еді: егер пәтер құны 10 млн теңге болса, 8 жылға бөліп төлейтін сомасы 52 700 теңгеден айналар еді. Осыған байланысты аталған санаттағы азаматтардың алатын жәрдемақысын негізгі табыс көзі қатарына жатқызуды сұраймыз. Сонда аталмыш азаматтар қосалқы қарыз алушыны да тарта алар еді», - дейді ол.