Полиция «West Oil Software» жүргізушілерінің ереуіліне қатысты пікір білдірді

Ulysmedia

Маңғыстауда былтыр 11 желтоқсаннан бері ереуілдетіп тұрған «West Oil Software» ЖШС жүргізушілеріне қатысты облыстық Полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Фото: RFE/RL

Ереуілге қатысуды мәжбүрлеп жатқандар бар

Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысындағы бірқатар кәсіпорындардың қызметкерлерін алдау және зорлық-зомбылық қаупімен ереуілдерге қатысуды жалғастыруға мәжбүрлеу туралы ақпарат таратылуда. Атап айтқанда, мұндай жағдай „West Oil Software“ ЖШС ұжымында орын алуда, сот қызметкерлердің ереуілі заңсыз деп таныды. Жалпы саны 100-ден астам адамға жеткен «West Oil Software» ЖШС-нің жекелеген жұмысшылары заңсыз ереуілге қатысудан бас тартып, өздерінің еңбек міндеттеріне кірісті. Алайда, олар ереуіл белсенділерінің тарапынан қысым көруде. Мұндай әрекеттерге жол берілмейді. Аталған дерек бойынша егжей-тегжейлі тексеру жүргізіледі, - деп жазылған Маңғыстау облыстық ПД таратқан хабарламада.

Сонымен бірге, департамент ереуілге қатысуға шақыру бойынша тиісті тергеу амалдарын бастағанын мәлімдеді.

Бүгінгі таңда облыстық полиция департаменті заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға шақыру фактілері бойынша ҚК-нің 402-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.
Оларға қатысы бар адамдардың көрсетілген құқыққа қайшы әрекеттеріне құқықтық баға осы қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде берілетін болады. Азаматтарды зорлық-зомбылық, қысым және алдау қаупі фактілері бойынша ішкі істер органдарына жүгінуге және арандатушылыққа берілмеуге шақырамыз, — деді облыстық ПД өкілдері.

Не болды

Жетібайдағы мұнайшылардың ереуілі екі ай бойы жалғасып жатқанын жазған болатынбыз. 

Ал ҚМГ Маңғыстау облысындағы Жетібай кен орнында 11 желтоқсаннан бастап ереуіл жалғасып жатқан WestOilSoftware қызметкерлерімен еңбек қатынастарын тоқтату туралы мәселе қаралып жатқанын хабарлаған.

Компанияның мәлімдеуінше, залал миллиард теңгені құрайды.

Осыған байланысты жұмыс беруші ереуілге қатысушылармен еңбек қатынастарын тоқтату туралы мәселені заңнамаға сәйкес және сот шешімі бойынша біржақты тәртіппен қарайды. Бұдан басқа, ҚМГ еншілес ұйымдарда қосымша штат ашпайды және жаңа еншілес ұйым құрмайды, — делінген хабарламада.

Жұмысшылардың ереуілі компанияны шығынға ұшыратқан

Күні кеше Westoil Software жұмысшылардың ереуілі едәуір шығынға ұшыратқанын мәлімдеді.

2024 жылдың 24 қаңтарында Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқаларының қаулысымен Қарақия аудандық сотының шешімі өзгеріссіз қалды. Маңғыстау облыстық сотының қаулысы жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енді. Осыған орай біз қайталап сіздерді заңсыз ереуілді тоқтатып, 24 ақпанға дейін жұмыс орындарыңызға шығуға шақырамыз. Олай болмаған жағдайда, біз заңсыз ереуілге қатысушылардың барлығымен еңбек шартын бұзуға мәжбүр боламыз, оған толық негіз бар. Сіздің заңсыз әрекеттеріңіз компанияны бүгінгі күнге дейін 900 000 000 миллион теңгеден астам шығынға ұшыратты. Сонымен қатар, тапсырыс беруші "Westoil Software" ЖШС-не өзіне қабылдаған шарттық міндеттемелерді орындамағаны үшін және тапсырыс берушіге тәулігіне 23 000 000 теңгеге дейін шығын келтіру туралы сотқа дейінгі шағымдар қойылды, бұл күн сайын артып келеді, – делінген компанияның хабарламасында.

«ҚазМұнайГаз» ереуілдеткендерді жұмысқа шығуға шақырады

Кейін «ҚазМұнайГаз» ереуілдеткен West Oil Software қызметкерлерін жұмысқа шығуға шақырды

ҚМГ бүгінгі таңда еншілес кәсіпорындар тапсырыс беруші ретінде мердігер ұйымдарды ұзақ мерзімді жұмыс көлемімен қамтамасыз ететінін, жұмысшылардың жалақысы мен әлеуметтік аударымдарының уақтылы және толық көлемде төленуін бақылайтынын хабарлайды. ҚМГ «West Oil Software» ЖШС техникасын жаңартуға қаражат бөлетінін жеткізеді. Бүгінгі таңда отандық өндірушімен 69 техника бірлігіне келісімшарт жасалған. Барлығы кем дегенде 202 жаңа техника бірлігін сатып алу жоспарда. Төртіншіден, Жетібай кен орнында жаңа өндірістік база салу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңында басталады.