Майқайыңда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды

Ulysmedia

Майқайың кенті мен «Богатыр Көмір» АҚ-на су жеткізетін магистральдегі ақауды қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Барлығы 119 адам және 48 мамандандырылған техника жұмылдырылған. 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі өңір басшысы Асайын Байханов Майқайың кентіндегі диаметрі 1 020 мм суық сумен жабдықтау құбырындағы ақауды жою бойынша жедел штабтың отырысын өткізгенін мәлімдеді. 

Мамандар құбырдың әрбір учаскесінде мұз қату мен мен ауаның тұрып қалу жайттарын тексеріп жатыр. Мұндай учаскелер анықталған кезде құбырды бу генераторларымен жылыту жүргізілуде. Жекелеген учаскелердегі желінің айналасына көмір мен шпал үйіліп, от жағылған. Осылайша қатып қалған құбырлар жібітіліп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Құтқарушылар үшін қауіпті – ТЖМ Майқайыңдағы қазу жұмыстары жайлы

Майқайың кентіне су төмен қысымда беріліп жатыр. Тәулігіне орташа тұтыну көлемі - 250 текше метр. Резервуарларда тұрақты түрде тәуліктік су қоры бар әрі ол тұрақты түрде толтырылуда. Бұл жұмыстарға 10 техника жұмылдырылған. 23 ақпанда Баянауыл ауданының әкімдігі төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында Майқайың кентінің аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады, - деп мәлімдеді өңір әкімінің баспасөз қызметінен.