ҚМГ басшысы Жаңаөзенде мұнайшылардың ұсталуына қатысты түсінік берді

Lada.kz

«ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жаңаөзенде жүргізген арнайы операциясы туралы ақпаратқа түсінік берді. Журналистермен әңгімесінде ол күштік құрылымдар ұлттық компанияның кәсіпорындарына басып кірмегенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Еске салайық, ұсталғандар туралы ақпарат Jana Oil Service (бұрынғы «Кезби») мұнай сервистік компаниясы мен «Өзенмұнайгазға» қатысты тараған еді.

– Өзім білмеймін, мұндай жағдайға қатысты пікір білдіре алмаймын. Біздің кәсіпорындарға ешкім басып кірген жоқ. Еншілес компанияларымызға да ешкім кірген жоқ, – деп жауап берді Асхат Хасенов.

Қылмыстық іс туралы сұраққа ол компанияда мұндай ақпарат жоқ екенін айтты. Сондай-ақ бұл құқық қорғау органдарының құзыретіне жататынын түсіндірді.

Арнайы операция туралы не белгілі?

Қазан айында Жаңаөзенде бірқатар адамның ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Қамауға Jana Oil Service компаниясы мен «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылары алынуы мүмкін екені айтылды.

Тергеудегі болжамды іске қатысы бар адамдар қосымша қаржы алу үшін мұнайшыларды ереуілге шығуға арандатуы мүмкін деген нұсқа да айтылды.

Ulysmedia.kz редакциясының сауалына берген жауабында Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады. Алайда тергеу мүддесіне байланысты арнайы қызмет басқа мәліметтерді жарияламады.