Астана әкімдігі кәсіпкер Қайрат Боранбаев мемлекетке берген Fitnation спорт кешенін сатты. 3 қарашада өткен саудада нысан 2,305 млрд теңгеге өтті. Бұл тәуелсіз бағалаушы белгілеген құннан шамамен 600 млн теңгеге төмен. Кешенді кім сатып алғаны әзірге белгісіз, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сауда қорытындысы e-Qazyna порталында жарияланды. Бастапқы баға 2,04 млрд теңге болған. Нәтижесінде сатып алушы бұдан 266 млн теңге артық төлеген. Дегенмен бұл тәуелсіз бағалаушы белгілеген 2,91 млрд теңгеден 21%-ға төмен, ал баланстық құны 1,7 млрд теңгеден жоғары.
Сатып алушы не иеленді?
Спорт кешені Астанадағы Тұран даңғылы, 4/1 мекенжайында орналасқан. Саудаға жалпы ауданы 4043,4 шаршы метр болатын ғимарат пен оған жапсарлас нысандар, сондай-ақ 510 бірлік жабдық қойылған. Кешенде жаттығу және кардио залдары, бассейндер, SPA аймағы мен кеңселер бар. Бұған дейін Fitnation премиум санаттағы фитнес-клуб ретінде жұмыс істеген. Аумағы 0,61 гектар жер телімінің ақысын жаңа иесі кадастрлық құны бойынша бөлек төлейді.
Алдағы бес жылда кешеннің нысаналы мақсатын өзгертуге болмайды. Жаңа иесі ғимаратты тек спорт және сауықтыру мақсатында пайдаланып, қала тұрғындарын спортпен шұғылдануға тартуға міндетті. Мемлекет меншігіне өткеннен кейін кешен Астана әкімдігіне қарасты «Дәулет» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының теңгерімінде болды. Онда ерекше қажеттіліктері бар балаларға оңалту шаралары жүргізілген.
Контекст
Бұған дейін әкімдік Fitnation кешенінің бағасын 30%-ға төмендеткен еді. 15 қазанда өткен алғашқы саудада нысан 2,91 млрд теңгеге қойылғанымен, оған бірде-бір өтініш түспеген.
Қайрат Боранбаев 2022 жылғы наурызда QazaqGaz компаниясының газды қайта сату кезіндегі жымқыру дерегі бойынша ұсталды. 2023 жылғы қыркүйекте сот оны алты жылға бас бостандығынан айырды. Кәсіпкер мемлекетке бірқатар активін, соның ішінде мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, Астанадағы қонақүйді және Астана, Алматы мен Қостанайдағы клубтары бар Fitnation желісін қайтарды. Осыдан кейін сот оның жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды. 2023 жылғы қарашада Боранбаев бостандыққа шықты.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ол мемлекетке жалпы құны 134 млрд теңгеден асатын мүлікті қайтарған.