Астанадан бір түнде 30 мың текше метрден астам қар шығарылды

Оралхан Қожанов

Астанада өткен түнде коммуналдық қызмет мамандары 30 мың текше метрден астам қар шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Астана қаласының әкімдігі

Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, 25 ақпан күні таңертең қар күреу жұмысына 2,4 мыңға жуық жол жұмысшы, 1,2 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.

Коммуналдық қызмет мамандарының көмегімен 24 ақпаннан 25 ақпанға қараған түні 2300-ге жуық рейс арқылы 30,1 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Ал қыс мезгілінің басынан бері 383,4 мың рейс арқылы 5 млн 168 мың текше метр қар шығарылды.

Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарының жүріп-тұруының қауіпсіздігі үшін жолдар мен тротуарларға құм-тұз қоспасы себіледі.