Алматы әкімі Ерболат Досаев сағат 11:40-тан бастап шұғыл штабта жиналыс өткізіп, қосымша іс-шаралар жоспарын талқылап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қаланың барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі қосылған. Қалалық полиция бөлімі штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Барлық мектеп мен балабақша ашық, жиналу пунктері жұмыс істеп тұр. Жедел жәрдем қызметі мен барлық көпсалалы аурухана, соның ішінде мамандандырылған аурухана, балалар ауруханалары, перзентханалар жұмысы жақсартылған режимде ұйымдастырылған, - делінген әкімдік хабарламасында.
Алматыда жер сілкінісі қайталануы мүмкін.
Бұл туралы Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев айтты.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінде арнайы штаб құрылды. Дәл қазіргі уақытта жер дүмпуінің қайталану қаупі әлі де сақталады. Афтершок. Бүкіл қала тұрғындары мен қонақтарын сабыр сақтап, жақын орналасқан халықты қабылдау пунктіне баруларыңызды сұраймыз, — деді ол.
Бүгін сағат 11.22-де Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті дабыл белгісін қосты.
Жер сілкінгенін сезіп, дабыл белгісін естіген алматылықтар көшеге шығып, қауіпсіз орын іздей бастаған.
ТЖМ табиғи жайтқа “қатты жер сілкінісі” деп баға берді.
4 наурыз сағат 11.22-де Алматы қаласында жер сілкінісі тіркелді. ҚР ТЖМ сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының сейсмикалық станцияларының желісі өңделіп жатыр. Эпицентрі, қанша бал болғаны туралы ақпарат нақтыланады, – деп хабарлады ТЖМ.
Бұл жолғы жер сілкінісінің магнитудасы 5 балға жетті.