Бүгін кешкі сағат 20:00 шамасында «102» қызметіне Қостанай қаласының тұрғыны хабарласып, Үлкен көпірден жас жігіт секіріп кеткенін айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
alau.kz-ның мәліметінше, оқиға орнына құрамында полиция лейтенанты Батыржан Бейсенбин мен полиция аға лейтенанты Мырзахан Сұлтанов бар автопатруль келді. Полиция қызметкерлері оқиға орнына екі минутта жеткен.
«Біз киімі бар ер адам суға батып бара жатқанын көрдік. Су температурасы суық болғанын ескерсек, ол бірден көз жұмып кетуі мүмкін еді», - дейді Батыржан Бейсенбин.
Полиция қызметкерлері шешініп, суға секірген. Олар бозбаланы құтқарып, судан алып шықты.