Жедел уәкілдер із-түзсіз жоғалған әйелді анықтау үшін дереу іздестіру шараларын жүргізді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Рavlodarnews.kz-ның мәліметінше, 26 қазан күні сағат 01.00-де ер адам полицияға қоңырау шалып, 23 қазанда сағат 01.00-ге жуық 37 жастағы әйелі алты айлық қызын бөлмедегі көршісіне қалдырып, үйден кетіп қалғанын хабарлаған.
«Күйеуі әйелі қоңырауға жауап бермеген соң полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. 29 қазан күні жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде әйел Екінші Павлодардан табылды. Ол отбасылық қиындықтардан шаршаған соң ер адамдармен алкоголь ішіп, көңіл көтеруге кеткенін айтқан. Қанша күн өтсе де сәбиін есіне де алмаған», - дейді Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция 37 жастағы әйелдің жолдасы екеуінің арасындағы жиі жанжалдарға байланысты әйелдер орталықтарының бірінде болғанын анықтады. Олардың ортақ некеден туған баласы бар, алайда екеуі де бала тәрбиесімен айналыспайды. 6 айлық сәби денсаулық жағдайын тексеру үшін ауруханаға жеткізілді, кейін сәбилер үйіне жіберіледі.
Анасына қатысты ҚР ӘҚБК 127-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылып, кәмелетке толмаған баланы тиісінше тәрбиелемегені үшін материал сотқа жіберілді. Сондай-ақ, ата-ананың бұл әрекеттері кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда ата-ана құқықтарынан шектеу мәселесі қаралады.