Жайық өзені Ақжайық ауданында қауіпті деңгейден жарты метрге асты

Аян Өрібай

Ақжайық ауданындағы Жайық өзені 8.99 метр деңгейіне жетіп қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Қауіпті деңгей – 8.50 метр.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, өңірде жарияланған төтенше жағдайға байланысты су тасқынынан зардап шеккендерге қаражат «Ақжайық» қоры арқылы жиналып жатыр. 28 наурыз бен 4 мамыр аралығында қор есеп шотына 506 378 434,02 теңге қаражат түскен.

Саяжай тұрғындарының мәселесі

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Оралда су тасқынынан зардап шеккен саяжай тұрғындарымен кездескен. Кездесуге келген тұрғындар су басқан саяжайларын қалпына келтіру, жаңа үй алу, әлеуметтік көмек мәселелерін айтысқан. Облыс әкімі мемлекет тарапынан зардап шеккен азаматтарға тиісті көмек көрсетілетінін атап өткен. Оның айтуынша, қазір Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккендердің шығынын есептеу және материалдық көмек төлеу жөніндегі арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссия құрамына 10 жұмыс тобы жұмылдырылған.

Орал тұрғындарының жанайқайы

Еске сала кетейік, бұған дейін Ulysmedia.kz редакциясына Орал қаласы тұрғындарының Мәжіліс депутаттары Нартай Аралбайұлы, Ринат Зайытов, Абзал Құспан, Бақытжан Базарбек пен Асхат Аймағанбетовке жазылған өтініші келіп түскен еді. Хат мәтінінде Ulysmedia.kz редакциясы бұған дейін жазған мәселе көтерілген. Жайық, Шаған өзенінің суы тасып, саяжайдың мыңдаған тұрғыны үйсіз қалғандықтан, бәрінің уайымы бір – олар "енді далада қаламыз ба" деп алаңдайды.

– Президент өз сөзінде зардап шеккендерді ешқандай санатқа бөлмей, шығыны өтеледі, үй беріледі дегенімен, беруге келгенде билік өкілдері түсініксіз ережелермен миымызды қатырып, жігерімізді сөндіріп, өмірден түңілдіріп жіберді. Біз арыз-шағымымызды кімге барып, кімге айтарымызды білмей қалдық, – дейді Орал тұрғындары.

Өткен аптада өткен үкімет сағатында осы хатқа байланысты аты аталған депутаттарды портал тілшісі сөзге тартқан. Парламенттің төменгі палатасында жүрген өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа да осы сұрақты қойып үлгерген.