БҚО-да аяғы ауыр шенеунік бас бостандығынан айырылды

Ulysmedia

Бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған әйелдің кішкентай баласы бар болуына байланысты сот үкімі үш жылға кейінге шегерді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

mgorod.kz-ның мәліметінше, 2 қарашада Бөрлі аудандық соты Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Айдана Қардашеваға қатысты үкім шығарды. 28 жастағы шенеунікке ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету» бойынша қылмыс жасады деген айып тағылды.

Іс материалдарынан белгілі болғандай, Қардашева 2019 жылы облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының есеп бөлімінің бас маманы қызметіне тағайындалған. Басшылықтың бұйрығымен оған екінші қол қою құқығы сеніп тапсырылған. 2019-2021 жылдар аралығында мекеме басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып, өзінің банк шотына 939 мың теңгені заңсыз аударған.

Айдана Қардашеваның өзі кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеп берді. Айтпақшы, әйел 10 жасар баланы тәрбиелеп отыр және екінші сәбиіне аяғы ауыр.

Бұрынғы шенеунік кінәлі деп танылып, оған екі жыл алты айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесінде өтейді. Сонымен қатар, өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынды.

Сотталған шенеуніктің кішкентай баласы бар болуына байланысты сот үкімін үш жылға кейінге шегерді. Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған 15 күн ішінде шағымдануға болады.