Сарыағашта поштадан 35 миллион ұрлаған қызметкер ұсталды

Ulysmedia

Түркістан полицейлері мекемеден 35 миллион теңгені алаяқтық жолмен жымқырған пошта қызметкері мен оның екі сыбайласын ұстады, деп хабарлайды деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі Polisia.kz ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Фото: Ашық дереккөзден

Түркістан облысы Сарыағаш АПБ-ға аудандағы пошталардың бірінің қызметкері арыз жазып, мекемеге тиесілі 35 миллион теңгеге жуық ақшаны белгісіз адамдардың қолды еткенін жеткізген. Аталған жайтты сарыағаштық полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, қажетті шараларды атқарған. Оқиға орын алған мекемеге барған тәртіп сақшылары бейнекамералардың жазбаларын мұқият тексеріп, айғақты заттарды іздепті. Бірнеше күнге созылған жедел жүргізілген жұмыстар кезінде күдікті ретінде пошта қызметкері (жігіт) анықталған. Ұсталған жігіт Сарыағаш ауданының тұрғыны. Сондай-ақ тергеп-тексеру барысында ұсталған жігітке қылмысты жүзеге асыру үшін көмектескен екі сыбайласы, яғни ер адамдар ұсталған.

«Олардың бірі жергілікті тұрғын болса, екіншісі – Семей қаласының тұрғыны. Белгілі болғандай пошта қызметкері қасындағы екі сыбайласымен бірге алдын ала сөз байласып, мекеменің қорына жиналған 35 миллион теңгені шотына аударып жіберу арқылы жымқырған. Қолды еткен қомақты қаржыны өзара бөлісіп алған. Қазір үшеуі қамауға алынды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлайды полициядан.