Байзақтағы жарылыс: Тергеуге алынған журналисті қорғау үшін қол жиналып жатыр

Ulysmedia

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыстан соң журналист тергеуге алынды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«Шұғыл! Қол жинаймыз! Жарылғаны рас. Жарған Данияр Әлімқұл емес!  Құрметті әріптестер, Жамбылдағы жарылыстың жаңғыры басылмай жатып, әріптесіміз Данияр Әлімқұл әлі белгісіз себеппен тергеуге алынды. Телефоны тәркіленіп, өзінен тіс жармауға қолхат жаздырып алынған. Бізге белгілісі, Даниярдың құзырлы органдардан шақырту алғанына Байзақтағы кәсіпкердің ауласындағы снарядттарды көрсетуі себеп. Сонда егер қауіпті затты көрсең үндемей кету керек пе? Жемқорлықты, ұрлықты, жалпы қылмыстық істі көрсең айналып өтуіміз керек пе? Снарядтың дүмпуінен Даниярдың сюжеті елге, қоғамға қауіп төндірді ме? Бүгінде БАҚ мен жергілікті билік арасы күннен күнге алшақтап бара жатқаны, сорақысы оған жауаптылардың қыңқ демей отыруы алаңдатады. Сондықтан бүгін Жамбыл облыстық прокуратурасының алдында әріптесімізді қолдауға шақырамыз. Жарылғаны рас. Жарған Данияр емес», - деп жазды фейсбук парағында журналист Ирина Советжанқызы.

Даниярдың басына түскен жағдай туралы күні бұрын журналист Жасұлан Әбдіхалық та жазды.

«Байзақтағы жантүршігерлік жарылыстан кейін бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Соның ішінде, "БАҚ пайдалану арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудырған жалған ақпаратты тарату" бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр екен. Осы атауы жаңылтпаш баб бойынша облыстың екі журналисін ДВД ға шақырып, біреуінің ұялы телефонын тәркілеп алыпты. 4 сағаттан астам ұстаған. Соткасы тәркіленген 7 ші арнаның "Айбат" жаңалықтар қызметінің тілшісі Данияр Әлімқұл.  Даняр Әлімқұлды куәгер әлде күдікті ретінде шақырғаны түсініксіз! Жігіттер, "ешкімге ештеңе айтпаймыз" деп қолхат бергендіктен әріптестердің әңгімесі мен генералмен кездесуден тартып жұлып ұққанымыз бәленің бәрі Байзақтағы бір депутаттың үйінде үйіліп жатқан снарядтардан басталса керек..?»,- деп жазды ол.

Ал жаңа ғана сағат 15.40- та журналист Жарас Ниязбек Данияр Әлімқұлдық үстінен Жамбыл облысы әкімдігі шағым түсірген деп жазды.