Газ жарылды: 3 адам қаза тауып, 10 адам ауруханаға жеткізілді

Ulysmedia

2021 жылғы  16 қарашада Ақмола облысының Шортанды кенті Линейная көшесінде газ баллоны жарылды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ҚР ТЖМ

«Сағат 21:38-де Шортанды кентінің №18 байланыс пунктіне полиция бөлімінің кезекшісінен газ баллонның жарылғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Өртті сөндіруге ТЖД 35 қызметкері мен 7 техникасы, «Жер Ана» ЖШС 4 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды», – деді ол.

Барақ үлгісіндегі пәтерде өрт шығып, шатырын толықтай жалын шарпыған. Аумағы шамамен 350 шаршы метрді құраған өрт сағат 22-35-те ауыздықталып, сағат 23:55-те толық сөндірілген.

«Оқиға орнынан 3 адамның мәйіті табылды. Тағы он адам түрлі дене жарақаттармен аудандық орталық ауруханаға жеткізілді.
Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін Ақмола облыстық тергеу-жедел тобы және зерттеу-өрт зертханасы жұмыс істеуде», – деді министрлік өкілі.

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға тұрмыстық газ баллонын қолдануда өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.