Тексеру барысында Шымкент қаласының "Жібек жолы" сауда орталығының аумағында ветеринариялық сертификатсыз және басқа да қосымша құжаттарсыз Қытайдан әкелінген құс еті табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
35 070 кг ет тәркіленді.
ҚР "Ветеринария туралы" Заңының 15-бабына сәйкес жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне жатады.
Еуразиялық экономикалық одақтың ережелеріне сәйкес импортталатын тауарлар тиісті жерге жеткізілген кезде толық ветеринариялық бақылауға жатады. Егер бақылаудағы тауардың шығу тегі оның ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан қауіпсіздігін куәландыратын құжаттармен расталмаса, тауар өндіруші есебінен жойылуға немесе жөнелтушіге (экспорттаушыға) қайтарылуға жатады.
Анықталған құс етінің барлық партиясы Шымкент қаласының Ақтас кентінің қалалық қоқыс жинау орталығының аумағындағы Беккари шұңқырында өңделіп, жойылды. Онда дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді, оның ішінде ет контейнері мен 9 "Газель" жүк көлігі өңдеу шараларынан өтті.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 406-бабының 1-тармағына сәйкес жеке кәсіпкерге айыппұл салынды.