Ауылдар суға зар: Сатыбалдыға халықтың игілігінен байлардың бақыты қымбат па

Ulysmedia

Дамыған елдер технологиямен жарысып, жасанды инттелектіні игеруге бас қатырып жатқанда біз әлі ең қарапайым қажеттіліктерге қол жеткізе алмай сенделіп жүрміз. Жыл сайын сықиған сандарды сайратып, әдемі есеп беруден алдына жан салмайтын әкімдерді тыңдасаң, Қазақстан ауылдарының бәрі гүлденіп кеткен бе дерсің. Алайда кабинеттен шығуға ерінетін әкім-қаралардың аяғы жетпеген шалғайдағы елді мекендердің шынайы көрінісі мен қағаздағы картинаның айырмасы жер мен көктей.

Ауылдарда, әсіресе, ауыз су мәселесі әлі де өзекті. Мәселен, Түркістан облысының Сауран ауданында бір емес, бірнеше ауылдың тұрғындары су үшін сот табалдырып тоздырып жүр. Тілшілеріміз тұрғындардың базынасын тыңдап қайтты.

сурет ашық дереккөзден

МЫҢ АДАМДЫ ЗАРЛАТҚАН КӘСІПКЕР

С.Қожанов ауылы тұрғындарының айтуынша, 1984 жылы халық өз игілігі үшін қаздырған ұңғыма жеке кәсіпкердің меншігіне өтіп кеткен. 14 сотық жерді сатып алған бизнесмен аумақты қоршап алып, жұртты ішіп отырған суынан айырған.

«Ауылдағы 150-ге жуық үйде 1 мыңнан астам адам тұрады. Халыққа деп монша салынған. Тұрғындар тегін түсіп, талай жыл рахатын көріп келген еді. 2021 жылы Таштаев Ахметжан деген кәсіпкер 14 сотық жерді сатып алдым деп аумақты қоршап, суды бермей қойды. 2003 жылдан 2023 жылға дейін  біз жалға алып, салығын төлеп, заңды түрде пайдаланып келдік. Кәсіпкер келді де, судан айырды», - дейді тұрғындардың бірі.

Наразы халықтың бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Сөзімізге құлақ түрер деп тасжолды жауып, асфальттың үстіне жатқан күндері де болыпты.

«Халықты шулата бермесін. 50 де 50 қылып берсін. Обал ғой қара халыққа. Аудан әкіміне де, облыс басшысына да бардық. Шешілген ештеңе жоқ. Шулаған күйі шулап жүрміз. Асфальттың үстіне де жаттық. Ешқандай нәтиже жоқ», - деп мұңын шақты қария.

САТЫБАЛДЫ НЕГЕ СЕЛҚОС?

Тұрғындардың бір-ақ талабы бар – кәсіпкер ұңғыманың айналасын – 1 сотық жерді мемлекетке қайтарып берсе дейді.

«Біздің жалғыз тілегіміз сол. Сотқа талай жүгіндік. Келесі аптада шешім шығады деп қайтарады. Барсақ, анау жоқ, мынау жоқ деп тағы кейінге шегереді. Содан бері бір жыл өтті, шешім әлі шыққан жоқ. Созбаққа салып отыр», - деп кейіді тағы бір тұрғын.

Су азабын талай жылдан бері тартып келе жатқан саурандықтар екі жыл бұрын облыс әкімі Дархан Сатыбалдының алдына барып, мәселелерін өз ауыздарымен айтыпты. Аймақ басшысы 10 күнде шешіледі деп шығарып салған. Одан бері 2 жыл өткен. Тұрғындар әкімге қайта кірейін десе, кіре алмаған.

«Дархан Сатыбалды біздің көзімізше бұл мәселені жауаптыларға жүктеген. Олар шешіп бердік деп есеп берген шығар, кім біледі. Әкім біздің ауылға ауыз су әлдеқашан жетті деп ойлап жүруі мүмкін», - дейді саурандықтар.

ТЕКЕЛІКТЕР ДЕ АУЫЗ СУҒА ЗАР

Аудандағы Теке ауылының мыңдаған тұрғыны да бір адамның арамдығынан жапа шегіп отыр. Мұнда да ұңғыма орналасқан аумақ кәсіпкерге сатылып кеткен. 950 метр тереңдіктен шығып тұрған ауыз су бүкіл ауылдың, қала берді көрші елді мекендегілердің қажетін өтеп келген.

«Бізге монша керек. Егер суды тартып алса, моншаны да жауып тастайды. Халық 50 теңге төлеп, жуынып жүрген. Ұңғыма 1968 жылы қазылған, монша да сол уақытта салынды. Бір күн малшылар, бір күн сушылар келіп жуынады. Енді бұдан да айырылғалы отырмыз. Кәсіпкер 20 сотық жерді сатып алған. 19 сотығына бөлек акті, 1 сотық жерге бөлек акті жасатып, соның ішіне ұңғыманы кіргізіп жіберген», - дейді ауыл тұрғыны.

Текеліктер сотқа бірнеше рет арыз түсірген. Шешімін 1,5 жылдан бері сарғайып күтіп келеді.

«Адам өлтіргендер сотталып, әлдеқашан бостандыққа шығып үлгерді ғой. Ал мұндағы болмашы мәселені сот та шеше алмай отыр. Ана құжатың жоқ, мынауың түгел емес деп жүз қайтарады. Әлсіздер көніп, бай-бағландар дегенін істей беретін сияқты ғой», - дейді бізбен тілдескен азаматтардың бірі.

Тұрғындардың айтуынша, ұл-қызы әкімдікте, мектеп немесе ауруханада істейтіндер бала-шағаға кесіріміз тиеді деп жақ ашуға қорқады. Үндемей бас шұлғуға мәжбүр. Көптің мәселесін көтеріп, шырылдап жүрген санаулы зейнеткер ғана.

«500 үй игілгін көріп отырған су. Ішеміз, моншаға түсеміз. Жарық сөніп қалса, бұдан басқа суымыз жоқ. Сонда 500 үй бір адамның аузына қарап, соны ғана байытып отыра ма?», - деп ашынды көпті көрген ақсақал.

Үлкендігін көрсетіп, халықты зарлатқан кәсіпкерді райынан қайтармақ болған кейуана да әрекетінен түк шықпағанын айтады.

 «Кәсіпкер «Тоқаевың да бұза алмайды бұны» деді. Өздерің қайта сатып алыңдар деп отыр. Қазақтың баласы келген жеріне көз салып, оң жағында қандай қоңсық, сол жағында қандай қоңсық – сұрауы керек. Осынша халықты шулатқан сатқан адам да, алған адам да оңбас», - дейді ол.

P.S Аталған мәселе “Ұлысмедианың” әлеуметтік желідегі парақшаларында жарыққа шыққаннан кейін, кәсіпкер Таштаева Алтынкөл Дунаевна ауыл адамдарына хабарласып, сотқа беретінін айтқан. Проблемаға қатысты пікір білдірген тұрғындар соттасуға дайын екендерін айтады.