Ауылда кәсіпкер халыққа су бермей отыр – түркістандық депутаттар одан хабардар ма

Аян Өрібай

Ulysmedia.kz тілшісі Мәжіліс депутаты Тимур Қырықбаев пен Қайрат Балабиевке Түркістан облысы Сауран ауданындағы екі ауылдың халқының мәселесі жөнінде сұрақ қойды. Аталған ауылдардың тұрғындары кәсіпкердің жерді қоршап алуы салдарынан суға жарымай отырмыз деп шағымданған еді.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Ауылдар суға зар

Ulysmedia.kz командасы “Ауылға жол” жобасының аясында Қазақстанның бірнеше ауылын аралап, Сауран ауданындағы халықтың мәселесін өз көздерімен көрген еді. Аталған аудандағы “Теке” және “С.Қожанов” ауылдарында кеңес заманында қазылған жер астындағы жылы суды осы екі ауылдың тұрғындары пайдаланып келген. Алайда ауыл әкімдерінің түсініксіз әрекеттері салдарынан бұл екі ұңғыма да, айналасындағы жермен қоса, жеке кәсіпкерге сатылып кеткен. Кәсіпкер жерді қоршап алып, суды ауыл тұрғындарына бермей отыр.

Ауыл тұрғындары өз құқықтарын қорғау үшін митингіге шығып, облыс әкіміне барып, жолды жауып, сотқа да шағымданған. Бірақ бұл әрекеттерінің нәтижесі болмады. Кәсіпкермен соттасып жатқандарына бір жылдан асты, бірақ әртүрлі себептермен сот процестері созылып келеді.

Кәсіпкердікі дұрыс емес

– Мен ол мәселе жайлы сіздердің сайттарыңыздан оқыдым. “Халыққа жәрдем беру үшін адвокат керек” депсіздер – мен толық келісем. Өзім заңгермін. Ол ауылдарға өзім барып қайтам. Дайын суды ауылдың әкімі шешіміен өзіне иеленген кәсіпкердікі дұрыс емес. Бәрі халық жағында болуы керек. Халықтың ұсрап отырған талабы дұрыс, – дейді Қайрат Балабиев.

Мәжілісменнің айтуынша, мақала шығар алдында аудан мәслихатының хатшысы хабарласып, мәселені жеткізгенін айтады.

– Кәсіпкерге сол кезде хабарластық. Негізі кәсіпкердікі дұрыс емес. Түсінуімше, ауыл әкімінің шешімінен ол жерді қоршап, ағаш егіп, гүлдендіріп отырмын дейді. Гүлдендірсе, гүлдендірсін, қарсы емеспіз, бірақ жерді қоршап, ешкімді кіргізбей, болмаса суды бермеу дұрыс емес, – дейді ол.

Қайрат Балабиев депутаттық сауал жолдамақ ниетте. Егер соттасса, сотта депутат халықтың пікірін айтамыз деп отыр.

Заң аясында мәселенің шешілуіне ықпал етеміз

Түркістан өңірінен сайланған тағы бір депутат Тимур Қырықбаев кәсіпкер қазір су бермей отырғанынан хабардар екен. Өзіне де шағым жеткен. 

– Мен қазір құзырлы органдармен, облыс әкімдігімен жұмыс істейміз деп жатырмыз. Бүгін өтініш маған түсті. Фейсбук парақшасынан да көрдім. Әрине, оның бәрін анықтап, құзырллы органдарға жібереміз. Заң аясында мәселенің шешілуіне ықпал етеміз, – дейді Тимур Қырықбаев.

Ulysmedia.kz порталы бұл мәселені назарында ұстайды.