Бұл жөнінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде сөйлеген сөзінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әкімнің сөзі:
Мемлекет басшысының облыста суармалы жер көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде суармалы алқаптарды ұлғайту бойынша ауқымды шаралар қолға алынды.
Бекітілген Жол картасы шеңберінде 2028 жылға дейін 124 мың га егіс алқабын қалпына келтіру жоспарлануда (оның ішінде ЕҚДБ – 53,9 мың га, ПУИД-2 – 15,2 мың га, ИДБ – 54,9 мың га) .
Халықаралық қаржы институттары (ЕҚДБ және ХҚДБ) арқылы 37,4 млрд теңге бөлінді (27,6 млрд теңге игерілді), 47,5 мың га суармалы алқаптар қалпына келтірілді (жоспар 69,1 мың га).
Биылғы жылы ИДБ-мен суармалы жерлерді ұлғайту және тасымалдау кезінде су ысыраптарын азайту жөніндегі келісімдер аясында 87 каналды қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарын бастап жатырмыз, – деді ол.
Ауыл шаруашылығы өнімін 2 есеге арттыру күтілуде
Сондай-ақ, әкімнің сөзінше, өңірде өз өндіріс орындарын ашуға дайын тағы 3 мүдделі инвестор бар.
Жергілікті бюджет есебінен 9, республикалық бюджет есебінен 3 су қоймасын салу жоспарлануда.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2028 жылға қарай суармалы алқаптарды толық сумен қамтамасыз ету, каналдарда тасымалдау кезінде су ысыраптарын азайту және ауыл шаруашылығы өнімін 2 есеге арттыру күтілуде.
Сондай-ақ суды үнемдейтін технологияларға тоқталғым келеді, бүгінде іске қосу сатысында 2 жоба бар: каналдар үшін бетон жабындарын өндіру бойынша KAZAKH INDUSTRIAL STROI (ҚХР) және тамшылатып суару өндірісі бойынша KAZKASPI HYDRO (ҚХР) жүйелері. Сонымен бірге, өңірде өз өндіріс орындарын ашуға дайын тағы 3 мүдделі инвесторымыз бар. Қазіргі уақытта олар пысықтау сатысында, – деді Ербол Қарашөкеев.
Еске салсақ, бұған дейін еліміздің аумағындағы су қоймаларына қатысты мәліметтер жарияланған болатын.