Маңғыстау облысындағы шаруаларға көмектесуге қанша қаржы бөлінді

Ulysmedia

Маңғыстау облысында 600 ірі шаруа қожалығы мен 6 мыңға жуық жеке үй қожалықтарына қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл мәлімдеді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, биыл өңірде қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға қаржылай қолдау көрсету үшін үкімет резервінен 1,9 млрд теңге бөлінді. Қайтарымсыз қаражат төрт түліктің аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге беріліп жатыр. Қазір бөлінген қаражаттың 57% игерілді яғни, 5900 жеке қосалқы үй шаруа қожалықтарына 745 млн теңге және 575 шаруа қожалығына 395 млн теңге қаржылай мемлекеттік қолдау көрсетілді.

​Сондай-ақ шаруаларды жем-шөппен қамтамасыз етіп, мал азығы тапшылығын жою мақсатында бірқатар жұмыс жүріп жатыр.

1. Жергілікті бюджеттен 150 млн теңге бөлініп, «Каспий» ӘКК АҚ-ы арқылы аталған қайтарымды қаржыға 15 шілдеден бері әр қала, аудандардан тағайындалған операторлар қажеттілікке қарай шөп тасымалдап жатыр. Бүгінге дейін 1350 тонна шөп сатып алынды. Бұл жұмыстар жыл аяғына дейін жалғасады. 

2. Жергілікті бюджеттен 54 млн теңге бөлініп, қайтарымды қаражатқа аудандардан тағайындалған операторлар Қостанай облысынан 950 тонна арпа жеткізді. Қазір арпа түгел сатылып, айналымдағы қаржыға қосымша 1 мың тонна мал азығын сатып алу жұмыстары жүріп жатыр.

3. Сонымен қатар 107 млн теңгеге 15 вагон 3-4 сортты бидай (бидай қалдығы) сатып алынды, жақын күндері өңірге жеткізіледі.

​Жалпы, жыл басынан бері облысқа 41 500 тонна шөп тасымалданды. Соның 3500 тоннасы өзге өңірлерден көмек ретінде жеткізіліп, қуаңшылықтан зардап шеккен мал иелеріне тегін үлестірілді. Ал өңірге тасымалданған жем көлемі 24 мың тоннаны құрады. 

​Мамандар ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына тіркелмеген малға мемлекет тарапынан субсидия немесе қолдау көрсетілмейтінін айтты.

​Қазір өңірде 636 824 бас мал тіркелген. Оның ішінде өлгені 1163 (жалпы санының 0,18%). Өлген малдың 194-і ғана ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына тіркелген.

​Төтенше жағдайлар департаменті ауа ылғалдылығына тексеру жүргізді. Нәтижесі төтенше жағдай жариялау шарттарына сәйкес келген жоқ. Сондай-ақ жануарлар арасында улану мен жұқпалы ауруға шалдығу дерегі тіркелмеді және өсімдіктер зиянкестерден зақымданбаған, яғни төтенше жағдай жариялауға заңды негіз жоқ.

Қазір өңірде қысқы мал азығының қорын дайындау қызу жүруіп жатыр. ​2021-2022 жылдарға өңірдегі төрт түлікті қыстық мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында, ҚР премьер-министрі А.Маминнің тапсырмасына сәйкес, бюджеттен қайтарымды қаражат ретінде мал азығына 5,3 млрд теңге қаржы бөлінді. (1,9 млрд теңге – шөп, 3,4 млрд теңге – жем). Бұл қаржыға жыл соңына дейін 26 мың тонна шөп пен 34 мың тонна жем сатып алынады деп жоспарланып отыр. ​Қазір аталған қаржының 600 млн теңгесіне мал азығын тасымалдайтын операторлар тағайындалып, өзге өңірлерден шөп тасымалдау жұмыстары басталып кетті. 

​Бұдан бөлек Атырау мен Ақтөбе облыстарының шабындық жерлерінен шөп шабуға 5 шаруа қожалығы аттанды. Олар өздеріне қор жинап, артығын өзге мал иелеріне сатады. ​Сонымен қатар бүгін жергілікті шабындықта 14 бригада шөп шауып жатыр. Олар жыл аяғына дейін 15 мың тонна шөп дайындамақ.