Рейдерлік пе? Аймағамбетов өзі шыққан Шет ауданындағы жарық мәселесі жайлы не дейді

Аян Өрібай

Депутат Асхат Аймағамбетов өзі туған Шет ауданының жарық мәселесі заң жүзінде шешілуі керек деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Ulysmedia коллажы

АЙМАҒАМБЕТОВ НЕ ДЕЙДІ

Менде бұл бағытта нақты ақпарат жоқ. Өйткені бір жақты тыңдасақ, оның ақпараты сіз айтқандай, екінші жақты тыңдасақ, бізде проблема бар. Мемлекеттік меншікке беру керек дейді. Менің ойымша, барлығы заң шеңберінде жүруі керек, – дейді Аймағамбетов.

Аймағамбетов өзі туған ауданда электр қуатымен қамту жағынан проблема бұрыннан барын айтады. Сөзінше, бұл мәселені мемлекет шешуі керек. 

Әрине, оны заңды жолдармен шешкен дұрыс. Өйткені ауыл халқы осы мәселеге байланысты зардап шекпеуі тиіс. Компания мемлекеттікі ме, әлде жеке меншік пе – азаматтарға керегі нақты қызмет. Үйде су мен жарық болсын дейді. Сондықтан, осы тұрғыда жергілікті әкімдік нүктесін қойып, мәселені толығымен шешуі керек. Мәселе заң жүзінде шешілуі керек, – деді депутат.

ШЕТ АУДАНЫНДАҒЫ АХУАЛ

Өткен аптада Қазақстанның ақпарат кеңістігінде Қарағанды облысының Шет ауданында төтенше жағдай режимі енгізілгені жөнінде ақпарат тарады. Тараған ақпараттарда аудан деңгейіндегі энергетикалық коллапс туындаған. Аймақ билігі болған жайтты электр энергиясын жеткізуші «Шет-Энерго» ЖШС-ден көреді, тіпті энергиямен қамту компаниясын мемлекет меншігіне бермек ниетте екенін білдірген. Алайда «Шет-Энерго» басшылығы мұндай айыптаулардың негізсіз екенін мәлімдеп, кәсіпорынды рейдерлік жолмен басып алу әрекеті болуы мүмкін дегенге меңзейді. Мұндай болжам орынды ма, жоқ па деген сұраққа Ulysmedia.kz тілшісі осы мақалада жауап іздеп көрген еді.