Ақмола облысында құрылыс компаниясы бір пәтерді бірнеше адамға сатып жіберген. Бұл сорақылықты білген үлескерлер шу шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Информбюро31 мәліметінше, 60-қа жуық адам заңсыздықтарды жіпке тізіп, құзырлы органдарға талай мәрте шағымданғандарын айта барыпты. Алайда іс созбалаңға салынды деп отыр. Осы жайттан кейін үш жылдан бері жаңа баспанаға кіре алмай жүрген жандардың сеніміне тіптен селкеу түскен екен. Құрылыс компаниясына үйдің ақшасын алдын ала санап берген үлескерлер тығырыққа тірелді. Себебі, тұрғындар сұрастыра жүре бір пәтердің бірнеше адамға сатқанын анықтапты. Компания заңсыз табыс тапты деген тұрғындарды құрылыстың сағызша созылғаны да алаңдатады.
ҮЛЕСКЕРЛЕРДІҢ ЖАНАЙҚАЙЫ
– Мен мысалы 10 миллион бердім. Біздің үлескерлердің арасында 100 пайыз бергендері бар. Мысалы міне, бұрышта тұрған үшінші блок, әлі бітпей отыр. Біз осыған дейін қалалық әкімдікке барып, жағдайымызды айттық. Одан кейін қалалық прокуратура қарастырды. Бірақ ешқандай қозғалыс жоқ, дейді үлескер Дина Айтмағамбетова.
Құрылыс компаниясының жарнамасына сенген жұрт құзырлы органдарға да арыз жазған. Бірақ іс сотқа жетпей, орта жолдан қысқарды деп күйінеді. Ол аздай, кей үлескерлер пәтерінің басқа адамға да сатылғанын біліп, жағасын ұстапты.
- Уақыт өте келе бір пәтерді бірнеше адамға сатқанын білдік. Бізге басқа үйден баспана аласыңдар деп айтты. Мен сенуден қалдым. Мұндай компанияға қалай сенуге болады?! Жалдамалы пәтерде тұрып, шығынға баттық, дейді үлескер Данияр Башаев.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ
Армандаған баспаналарына қол жеткізе алмай жүргендер әкімдіктен көмек сұрап отыр. Ал шенеуніктер ушыққан мәселені шешіп беруге тырыспақ.
- Құрылыс салушы ол кісілер қаражат жағынан қиыншылыққа тап болған. Бүгінгі таңда осы мәселелердің бәрін шешу үшін әкімшіліктің алаңында техникалық шарттарды, мерзімі өтіп кеткен техникалық шарттарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болашақта мердігерге қосымша инвестор тартуға мүмкіндік беріледі, дейді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Қылышбаев.
Ал, құрылыс компаниясының басшысы сұхбат беруге құлықсыз. Тек құрылысы аяқталмаған үйді маусым айында толық бітіреміз деп сендіріп отыр.