Өзбекстанда уланған қарағандылық балалар футбол турнирінің 17 қатысушысы Ташкенттегі инфекциялық ауруханада ем қабылдап жатыр. Олардың 11-і – бала, алтауы – ересек адам. Барлығының жағдайы тұрақты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі мәлімдеді. Жалпы медициналық көмекке 19 адам жүгінген.
Зардап шеккендерге кім көмектесіп жатыр?
Елшіліктің жедел желісіне хабар түскеннен кейін консул Сәкен Пердебеков ауруханаға барып, қазір зардап шеккендердің жанында жүр.
Қазақстан елшісі де ауруханаға барып, балалардың ата-аналарымен кездескен. Балаларға Ташкент медицина университетінің профессорлары мен санитарлық дәрігерлер көмек көрсетіп жатыр. Dostlik Cup турнирінің ұйымдастырушылары да зардап шеккендерге қолдау білдіруде.
Улануға нақты не себеп болғаны туралы елшілік мәлімет бермеді.
Контекст
Бұған дейін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Қарағанды облысынан турнирге 60 бала, 32 ата-ана және төрт жаттықтырушы барғанын хабарлаған еді.
31 қазан күні таңғы астан кейін қонақүйде балалар мен ересектердің іші ауырып, дене қызуы көтерілген.
Ауруханаға түскен балалар толық айыққанша Өзбекстанда қалады. Ал турнирдің басқа қатысушылары елге қайтып жатыр.