Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қонаев қаласында 20 жастағы жігіттің өліміне байланысты алты айыпталушыға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛҒАН
Қайғылы оқиға 2024 жылы 27 маусымға қараған түні Қонаев қаласындағы атыс кезінде болған. Бір жігіт оқ тиіп қаза тауып, екіншісі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізіліп, шұғыл түрде ота жасалған.
ЖАНЖАЛ ТӨБЕЛЕСКЕ ҰЛАСҚАН
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сол түні Қонаевтағы "Алекс" демалыс орнында екі айыпталушы мен жәбірленушінің арасында жанжал туындаған. Жанжал төбелеске ұласқан. Осыдан кейін айыпталушылар оны өлтірмек болып, тағы төрт адамды іске тартады.
Кешкісін олар Қонаев көшесіндегі ХҚКО маңында жәбірленушілерге оқ атады. Салдарынан бір жігіт жолда көз жұмса, екіншісі тірі қалып, дәрігерлердің көмегімен аман қалды.
ҚЫЛМЫСТЫҚ БАП ПЕН ҮКІМ
Сот алты айыпталушы – "А", "А", "Б", "А", "Т" және "Н"-ды "алдын ала сөз байласу арқылы, бұзақылық ниетпен жасалған қасақана адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу" баптары бойынша кінәлі деп таныды.
СОТ ҮКІМІ
Айыпталушылар "А" мен "Т"-ға 19 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды;
Қалған төрт айыпталушы – "А", "Б", "А" және "Н" – 17 жылға сотталды;
Сонымен қатар, "Б" есімді сотталушы ҚР ҚК-нің 422-бабы бойынша да кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы қосымша берілді.
Сот жазаны тағайындау кезінде бірнеше жеңілдететін жайтты ескерді: сотталушылардың кәмелетке толмаған балалары бар және олар бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Ал ауырлататын жағдай ретінде атыс қаруын қолдану фактісі танылды.