Алтын қазушылар Қалжырмен қатар Күршім өзеніне де қауіп төндіріп жатыр

Аян Өрібай

Алыстағы Күршім ауданындағы халықтың бұл күнде түн ұйқысы төрт бөлініп, наразылығы үдеп барады. Айдаладан келген алтын қазушылар ауылдардың берекесін кетіре бастаған. Бұған дейін Қалжыр өзенінің ахуалына президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударып, кінәлілерді жазалауды тапсырған еді. Дәл сол аудандағы Маралды ауылының да тұрғындары мәселесімізге мемлекет басшысы араласса деп сұрайды. Себебі ауылда алтын қазып жатқан «Maralicha» тау-кен компаниясы ауыл тұрғындарымен санаспайтын көрінеді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

БІЗДІҢ АУЫЛДА ЕКІНІҢ БІРІ АУЫРАДЫ

«Maralicha» тау-кен компаниясы 2015 жылдан бастап Маралдыда барлау жұмыстарын жүргізіпті. Ал биылдан бастап кәсіпорын белсенді фазаға өтіп, пайдалы қазбаларды өндіре бастаған. Әйтсе де маралдылықтардың айтуынша, алтын өндіретін компанияның жұмысы салдарынан Күршім өзені лайланып, балығы құрып барады. Енді компания тіпті зауыт салуды көздеп отыр. Зауыт салынып, өндіріс аумағы мен ауқымы артса, мұның арты ауыл тұрғындары үшін жайылым жерді тарылтатын түрі бар.

Маралды ауылының тұрғыны, зейнеткер Мейіржан Итжанов ауыл халқын еститін құлақ, көретін көз болса екен дейді.

«Айғайымызды, ойбайымызды тыңдап тұрған ешкім жоқ. Ашық карьермен алтын өндіріп жатыр әлгі компания. Біз қарсымыз! 30 жыл бойы ел болып, бала-шағамызды малмен асырап келе жатырмыз. Ал енді қазір біздің шөп шауып жатқан жерімізді асты-үстіне шығарып бітті. 10 гектар жерге бұлар зауыт салатын болса, біздің жүздеген гектарымыз зардап шегеді. Сонда біз малымызды немен асыраймыз? Қандай ауа жұтып, қайтіп өмір сүреміз? Артымыздан өсіп келе жатқан бала-шағамыздың өмірі не болмақ?» - дейді ауыл тұрғыны.

Мейіржан Итжановтың айтуынша, ауылда қатерлі ісікке шалдығып жатқандар бар. Бұрын мұндайды кездестірмеген ауыл халқының үрейі басым.

«Біздің Нұр Отанымыз қайда? Сайлау кезінде «бізге дауыс беріңдер» деп жинала қалады. Уәдені үйіп төгеді. Енді қазір ешкімге ешкімнің көмегі жоқ. Біз табиғат қалай қазір бүлінбей тұр – сол қалпында қалғанын қалаймыз. Балығымызды аулаушы едік. Қазір енді кен орнынан ағып келіп жатқан бұлақ – лай батпақ. Ол Күршім өзеніне қосылады. Одан ары жолдағы ауылдарға, Бурабай, Теректіден өтіп, Ертіс өзініне құяды. Балықтан не қалады? Ешкімнің жерімізді қопарып, астын үстіне шығарғанын қаламаймыз. Шындығы сол», - дейді ол.

ӘКІМДІКТЕ ҚАУҚАР ЖОҚ

Маралды ауылының тағы бір тұрғыны Құрмет Қасаинов та ауылдың экологиясына алаңдайды.

«Бүкіл Қазақстанда Күршім секілді мөлдір өзен жоқ еді шіркін. Жергілікті әкімдіктің түк қауқары жоқ. Алтынды ашық түрде өндірсе, уран тасымақ. Бұл ауыл тұрғындарын улайды. Ешкімді осы мәселе алаңдататын емес», - дейді ол.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, алтын қазушылар Күршім өзеніне құятын бұлақтың бірін бөгеп алып, шағын су қоймасын жасаған. Сол арқылы алтынды шайып жатыр. Ауылдықтар өндіріс ошағы, яғни зауыттың биікте, таудың үстінде салынатынына алаңдаулы. Себебі Маралдының өзі сайдың ішінде орналасқан. Ал алтын қазып жатқан компания алтын қазған орынын жауып кетпейтін де көрінеді. Рекультивацияны неліктен жасамадыңдар деген сұраққа «пандемияның салдарынан қалып қалды» деп жауап берген.

КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ НЕ ДЕЙДІ?

Маралдылықтар осы мәселемен «Maralicha» тау-кен компаниясының басшысы Әнуар Рахымовқа барды. Компания басшысының айтуынша, 2015 жылдан бастап Маралды кен алаңындағы пайдалы қазбаларға барлау жүргізіліп жатыр.

«Біз биылдан бастап кен өндірісіне көшіп, зауыт құрылысына дайындала бастадық. Жобалық жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл – келісімшарт бойынша біздің аумақ. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігімен берілген.  Біз қоғамдық тыңдауды әкімнің қатысуымен Маралды ауылының тұрғындарымен өткізгенбіз. 11 адам қатысқан. Барлау жұмыстарының өзіне шамамен 5 млрд теңгедей қаражат кетті. Бұл аумақ – барлау, кейін өндіріс үшін біздің атымызға жазылған», - дейді ол.

Әнуар Рахымов «Maralicha» компаниясы Маралды ауылына тіркелгенін айтады.

«Біз ауылға су тартып, жол салу үшін әлеуметтік аударымдарды жасап отырмыз. Сонымен қатар ауылдарға медикаменттерді сатып алдық. Көмір әкелдік. Маралдының тұрғындары бізде жұмыс істейді. Грейдер ауылға дейін жеткен жоқ. Ауылға су тартылып болғаннан кейін біз грейдермен барамыз...», – деген сөзін маралдылықтар бірден тыйып тастады.

Маралдылықтар «ауылға жасап жатырмыз» деген жақсылықтың бәрін жоққа шығарып, алтын қазушылардың ауылдан кетуін талап кетіп отыр. Олардың айтуынша, қоғамдық тыңдаудан бүкіл ауыл мүлде хабарсыз болған. Осылайша, ауылдықтар он шақты адамды, әкімдік пен пошта қызметкерлерін жинап алып, қоғамдың тыңдауды жасырын өткізген компания өкілдерімен ортақ мәмілеге келе алмады.