Қазақстандықтарға ипотекаға үй алу қиындай түскен

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

2025 жылдың үшінші тоқсанында банктер қазақстандықтарға ипотека беруді одан әрі азайтты. Төрт өтінімнің үшеуі мақұлданбаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ипотека қолжетімсіз болып барады

Ұлттық банк әр тоқсан сайын екінші деңгейлі банктерден кредиттеу параметрлерінің қалай өзгергенін — сұраныс, өтінімдердің мақұлдануы, несие құрылымы — анықтап отырады. Соңғы сауалнама нәтижесі Қазақстанда ипотеканың барған сайын қолжетімсіз болып жатқанын көрсетеді.

Үшінші тоқсанда тұрғын үй несиелерін мақұлдау коэффициенті екінші тоқсанмен салыстырғанда бірден 6 пайызға төмендеп, 23 пайызды құрады. Яғни ипотекаға өтінім бергенде, үш жағдайда біреуінде ғана мақұлдау алу мүмкіндігі бар деген сөз.

Бұдан бөлек, басқа кредит түрлері бойынша да мақұлдау деңгейі жоғары емес. Автонесие алу ықтималдығы — 17 пайыз, кепілсіз қарыз — 32 пайыз. Ал кепіл қойып рәсімделетін тұтынушылық несиелер бойынша мақұлдау көрсеткіші екінші тоқсандағы 45 пайыздан үшінші тоқсанда 22 пайызға дейін құлдыраған.

Бизнес қарыз алуға көбірек жүгінуде

Сонымен қатар, тұтынушылық несиелеуді тежеп, корпоративтік несиеге басымдық беруді көздеген қадағалау органдарының шаралары әсер ете бастағаны байқалады. Ірі бизнес несие алуды 19 пайызға жиілеткен. Алайда сұралған сомалар азайған: орташа есеппен 12,1 млрд теңге, бұл — екінші тоқсанға қарағанда 6 пайыз төмен.

Шағын бизнес те өтінім беруді 10 пайызға арттырғанымен, алатын қарызының көлемін 9 пайызға қысқартқан (орташа 27,7 млн теңге).

— Орта бизнес тарапынан сұраныс тұрақты болды, ал шағын кәсіпорындар арасында аздаған өсім байқалды. Кредиттеуді ынталандырудың негізгі тетіктері — «Өрлеу» бағдарламасы мен «Даму» қорының портфельдік кепілдігі. Кейбір банктер жаңа кепілдік өнімдерін енгізді, — деді Ұлттық банктың қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Көбенбаев.

НЕСИЕ

Еске салайық, бұған дейін онлайн несие алу қиындай түсетінін хабарлаған едік. Онлайн кредитке енді бірден қол қойылмайды. Жаңа заңға сәйкес енді 24 сағат күту қажет.