Атырауда Жеңіс саябағында қыздың қазасына байланысты сот өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
“Ақ Жайық” мәліметінше, сот процесі басталмай тұрып-ақ қаза тапқан қыздың туыстары мен олардың адвокаты тергеу жұмыстарына көңілі толмайтынын білдіріп, редакцияға шағымданған. Сот барысында олар тергеудің әділетті әрі жан-жақты жүргізілуін талап етті. 2023 жылғы 25 маусымда Атыраудағы Жеңіс саябағында орнатылған бюсттердің бірі құлап, 7 жасар қыз көз жұмған болатын. Қайғылы оқиға кезінде оның інісі мен әкесі де ауыр жарақат алған.
АЛҒАШҚЫ ПРОЦЕСТЕР
Бұл жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы 3-тармағы бойынша («Қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін жұмыстарды орындау») жүргізілді. Бұл бап бойынша 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Тергеу 2023 жылғы 30 желтоқсанда аяқталып, басты сот процесі 2024 жылғы 31 наурызда басталды.
ЕСКЕРТКІШ НЕ ҮШІН ОРНАТЫЛҒАН
Жеңіс саябағындағы ескерткіштер 2020 жылы демеушілер есебінен орнатылған. Барлығы 14 бюст қойылған. Қайғылы оқиғадан кейін Атырау қаласының сол кездегі әкімі Шакир Кейкин олардың техникалық жағдайын тексеруді тапсырды. Бұл жұмысты 2,1 млн теңгелік тендерді жеңіп алған QRG Geo ЖШС жүргізген.
Атырау әкімінің орынбасары Тлек Махуов кейін 14 ескерткіштің жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылғанын мәлімдеді. Олар қоршауға алынып, Жеңістің 80 жылдығына орай қалпына келтірілді. Сол кезде ескерткіштер коммуналдық меншікке ресми түрде берілген.
Бастапқыда әкімдік бұл ескерткіштердің нақты иесі кім екенін білмеген. Яғни, олар тіркелмеген, иесіз нысан ретінде қарастырылған. Салыстырмалы түрде, әкімдік балансындағы басқа 8 ескерткіштің жағдайы жақсы деп танылған.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Қыздың қазасына байланысты жеке кәсіпкерге қарсы іс қозғалды. Ол ескерткіштерді орнатумен айналысқан. Жәбірленуші тараптың адвокаты Айбар Қосымбаев бұл жұмыстардың заң талаптарын өрескел бұза отырып атқарылғанын алға тартты.
Адвокаттың айтуынша, "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау" туралы заң мен ҚР Мәдениет министрлігінің №103 бұйрығы бойынша конкурс жарияланып, жобалық құжаттар дайындалып, келісімшарт жасалуы тиіс еді. Алайда бұл талаптардың ешқайсысы орындалмаған. Мердігерді әкім мен оның орынбасары ауызша және жазбаша нұсқаумен таңдаған.
Қосымбаев пен қыздың әкесі сол кездегі қала әкімі Қайрат Оразбаев пен орынбасары Ұлықбек Тінәлиевке қатысты да қылмыстық іс қозғауды сұраған. Алайда олардың бұл өтінішін құқық қорғау органдары кері қайтарған.
ӘКЕНІҢ ЖАНАЙҚАЙЫ
Қайтыс болған қыздың әкесі Айдос Садыров тергеудің шынайы кінәлілерді анықтамағанына сенімді.
– Біз прокуратура мен полицияға бірнеше рет жүгіндік. Бірақ ешкім назар аудармады. Бүкіл кінәні бір адамға ғана арта салды, – деді ол.
Айтуынша, құлаған бюст бір ғана арматурамен бекітілген, жел соққанда шыдамай, үстілеріне құлаған. Ұлы көру қабілетінен айырылып, мүгедек болып қалған. Әйелі ауыр күйзеліске ұшыраса, өзі жүрек дертімен ауыра бастаған.
Сол күні ауруханада гинеколог маман болмағанын айтқан ол, қыз алған жарақаттың бір бөлігін дәл сол маман тексеруі тиіс болғанын жеткізді. Бірақ көмек дер кезінде көрсетілмеген. Осыған байланысты ол балалар ауруханасын салалық мамандармен толық қамтамасыз етуді талап етті.
– Біз гинекологты бір сағат күттік. Ал көмек жедел қажет еді. Егер заң дұрыс жұмыс істемесе, мұндай қайғылы оқиғалар қайталана береді, – деді Айдос Садыров.
ШЕНЕУНІКТЕР
Ұлықбек Тінәлиев 2019 жылы Атырау әкімінің орынбасары болып тағайындалған, 2020 жылы өз еркімен қызметтен кетіп, кейін Мәдениет және спорт министрлігінде жұмыс істеген.
Ал Қайрат Оразбаевқа қатысты 2023 жылғы 25 желтоқсанда №2 қалалық сот үкім шығарды: ол ҚК 361-бабы 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді және мемлекеттік наградаларынан, оның ішінде «Құрмет» орденінен айырылды.
Ресми органдардың жауабы – тек формалды мәлімет
Редакция жолдаған сұрақтарға жауап берген Атырау қалалық тергеу басқармасы мардымсыз, нақты уәж келтірмеген. Полиция тек «Іс сотқа жолданды» деп қысқа ғана жауап берген. Ал мердігерге неге дәл осы баппен айып тағылғаны, әкімдік тарапынан берілген заңсыз тапсырмалар мен жобалық құжаттың жоқтығы туралы сұрақтар жауапсыз қалған. Қайтыс болған қыздың отбасы бірнеше мәрте мемлекеттік қызметкерлерді жауапқа тартуды сұраса да, прокуратура неге іс шеңберін кеңейтпегенін түсіндірмеген.