Қазақстан мен Франция арасындағы авиациялық әріптестік жаңа деңгейге шықты. Airbus-пен алғашқы 25 A320neo ұшағын жеткізу жөніндегі келісім пысықталып, тағы осынша әуе кемесіне дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Көлік министрлігінің хабарлауынша, Париж қаласында Қазақстан-Франция іскерлік кеңесінің отырысы және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі 16-Үкіметаралық комиссияның мәжілісі өтті. Іс-шараларға Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев қатысты.
Негізгі оқиға Airbus A320neo әуе кемелерін жеткізу жөніндегі Меморандум папкаларымен алмасу рәсімі болды. Құжатта «алғашқы 25 ұшақты жеткізу және кейіннен қосымша санын 25 ұшаққа дейін арттыру мүмкіндігі» қарастырылған.
Кездесу барысында Талғат Ластаев пен Airbus компаниясының вице-президенті Шарбель Юзкатли 2031 жылға жоспарланған әуе кемелерін жеткізу мерзімдері және оны жеделдету мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ, вице-министр Airbus-пен бірлесіп авиациялық оқу орталығын құру және әуе кемелерін лизингке беру мәселелерін көтерді.
ҮАК аясында халықаралық серіктестермен алдағы ынтымақтастық мәселелері де талқыланды: TAV Airports компаниясымен — Қазақстан әуежайлары инфрақұрылымын жаңғырту, Alstom компаниясымен — өнеркәсіптік кооперация бағытында.
Екі ел арасындағы көлік байланысын жақсарту үшін Париж–Астана рейсін қайта ашу және Шымкент–Ницца бағыты бойынша әуе қатынасын іске қосу мәселелері қарастырылды.