Семейде белгісіз біреулер итті бетонға асып кеткен. Абырой болғанда, жануар тірі қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Видео жергілікті БАҚ-тың телеграм арнасында пайда болды. Жануарды жергілікті журналист байқап, оның бауын шешіп алған.
- Бұл қылмысты жасаған адамды табуға көмектесіңіздер. Бәлкім біреудің иті болар. Оқиға Павлодарская көшесіндегі №18 мектептің қасында болған. Адамдар не болып барады? Неге сонша қатал болып кеткен? (...) Мойнындағы бауын шешіп алдым. Су берейін деп едім, адамдардан қорқып қалған ба, қашып кетті. Әбден қорлаған болуы керек, дейді жазба авторы.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін дәл осындай жағдай сәуірдің ортасында болған еді. Семейде итке аяусыз зәбір көрсеткендерге іздеу жарияланды. Беймәлім біреулер итті ағашқа байлап, оны азаптап өлтірген.
Оқиға орнында болғандардың айтуынша, итті шынжырмен ағашқа іліп қойып, оның өлімін бақылап тұрған. Жануардың өлі денесін көшеден өтіп бара жатқан тұрғындар тауып алған.
Қайғылы жағдай өндірістік базалар орналасқан, тұрғын үйлерге жақын көшелердің біріндегі қалың шөп арасында болған. Ит ағашқа байланған күйде табылған. Куәгерлер иттің өзін құтқара алмай, көп қиналғанын айтады. Егер ертерек табылғанда, оны аман алып қалуға мүмкіндік болар еді деп өкінеді.