Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауынан ондаған өлі итбалықтың денесі табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЭКОЛОГТАР НЕ ДЕЙДҢ
Жергілікті экологтардың мәліметінше, итбалықтардың көпшілігі техниканың баруы қиын жерлерде жатыр.
ТҰРҒЫНДАР ДАБЫЛ ҚАҚТЫ
Түпқараған ауданының екі елді мекенінің тұрғындары жағалауға өлі итбалықтардың шығып қалғанын хабарлаған.
ТЕКСЕРІС
Оқиға орнына облыстық балық шаруашылығы инспекциясы мен экологтар барып, мониторинг жүргізді. Облыстық балық инспекциясы басқармасының басшысы Қонарбай Базарбаевтың айтуынша, өлі жануарлардың көп бөлігі жетуге қиын аумақтарда орналасқан.
Сондай-ақ ол итбалықтардың біразы былтырғыдан қалған болуы мүмкін деген болжам айтты.
— Өткен жылдың күзінде осы аумақтан шамамен 130 өлі итбалық табылған. Мүмкін, сол кездегі қалдықтардың бір бөлігі әлі сақталған. Қазір әкімдік техника бара алатын жерлерде жануарлар денесін жинау жұмыстарын бастап кетті. Ал жетуі қиын аймақтар бойынша мәселе талқылану үстінде, — деді Базарбаев.
СУ СЫНАМАСЫ АЛЫНДЫ
Сарапшылар теңіз суынан сынама алып, зертханаға жөнелтті. Зерттеу нәтижелері кейінірек жарияланады деп күтілуде.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Каспий жағалауынан 88 итбалықтың өлексесі табылған болатын. Бұл деректі полиция тіркеп, тергеу жұмыстары басталғанын мәлімдеді.