Атырауда блогерді қала сыртына алып кетіп, зират жақта соққыға жыққан

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Атырау тұрғыны Құралай Болатова өзіне қатысты болған ауыр жағдай туралы айтты. Ол танысына сеніп, Ыстамбұлға турды жарнамалауға келісім берген соң, соққыға жығылып, қорлық көрген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жарнама деп басталған оқиға — зорлықпен аяқталған

Atyrau Oil мәліметінше, Құралайдың айтуынша, бәрі Айдана Ақмұрзиева есімді қыздың Түркияға тур жарнамасын жариялауға өтінішінен басталған. Танысы болған соң Құралай жарнаманы өз парақшасында жариялапты. Осыдан кейін турға қызығушылық танытқан адамдар Айданаға хабарласа бастаған. Тіпті Құралайдың өзі де баруға бел буып, алдын ала 100 мың теңге аударған.

Алайда белгіленген уақытта ұшақ ұшпай қалған. Ұшақ билеттері де, тур да болмаған. Айдана Ақмұрзиева ақшаны “Әсем” есімді басқа қызға бергенін айтқанымен, кейін оның сөзі жалған екені анықталады. Осыдан кейін Құралай өз ақшасын қайтаруды талап еткен.

Қорқыту мен шантаж басталған

– Ол біраз уақыт ақшаны қайтарам деп уәде берді, – дейді Құралай. – Кейін маған қорқыту хабарламаларын жаза бастады. Қорлады, шантаж жасады, тіпті жеке видеоларымды таратамын деп қорқытты.

Көлікке отырғызып, зиратқа апарған

Құралайдың сөзінше, туған күнінен кейін кешкісін оны Айдана Ақмұрзиева мен құрбысы Ақбота Нұғманова аңдып, көлікке отырғызған. “Жай сөйлесеміз” деп сендіріп, қаладан тыс — зират маңына апарған.

– Олар мені ұрып, теуіп, айқайлап, қорлады. Кейін бірінің үйіне апарып тастады. Таңертең әрең дегенде үйге жеттім. Денем көгеріп, жарақат болды. Бірақ ең ауыры — қорқыныш пен қорлану сезімі, – дейді Құралай Болатова.

“Мен әділдік қана қалаймын”

Келесі күні Құралай полицияға арыз түсірген.

– Мен тек әділдік орнағанын қалаймын. Мұндай адамдар жазасыз қалмауы керек. Егер үндемесек, олар басқаға да сондай қорлық көрсетеді, – деді ол.

“Әкем прокурор” деп қоқан-лоқы көрсеткен

Құралайдың айтуынша, төбелес кезінде қыздардың бірі:

“Шағымдануға тырыспа. Менің әкем прокурор, саған ешкім көмектеспейді”, – деп қорқытқан.

Полиция не дейді? 

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 4 қазан күні 25 жастағы атыраулық тұрғын полицияға өзіне таныстары дене жарақатын салғаны жөнінде арызбен жүгінген. 

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іске қатысты барлық тұлға анықталып, полицияға жеткізілген. 

- Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде. Бейнебақылау жазбалары алынды, куәгерлерден жауап алынуда, беттестіру шаралары өткізілуде. Арызданушының барлық уәждері толығымен тексеріледі, әрбір қатысушының іс-әрекетіне заң аясында баға беріледі, дейді полицейлер.