«Дәрігерлер жатырын алып тастаған»: 33 күн комада жатып көз жұмған әйелдің жақындары әділдік іздейді

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Перзентханада екінші баласын босануға барып, жұмбақ жағдайда көз жұмған Зарина Сұлтанның ата-анасы қыздарының анафилактикалық шоктан қаза болғанына сенбейді. Олар «қызымыз дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмды» дейді. Ulysmedia тілгісі қара жамылған отбасына барып, оқиғаның жай-жапсарын біліп көрді.

«Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалдым»

Биыл тамызда 28 жастағы Зарина Сұлтан екінші баласын босану үшін Шымкент қаласындағы №1 перзентханаға жатқызылған. Босанғаннан соң қызуы көтерілгеннен кейін дәрігерлер антибиотик салған. Содан комаға түсіп, 33 күн жатып, ес жимастан 27 қыркүйекте қайтыс болған.

Марқұмның анасы Нышанкүл Тулеева қызының қазасына дәрігерлерді кінәлайды. Сөзінше, қызының жатырында қан қалып, сол іріңдеген болуы мүмкін. Комада жатқанда дәрігерлер қызының жатырын алып тастаған.

«Түнде ұйқыдан қалдым. Күндіз күлкіден қалдым. Ойымнан кетпейді қызым. Түнде де ұйықтап жатып оянып кетемін. Қызым қалай жатыр екен, айдалада қорықпай қалай жатыр екен? Қорқып жатыр ма екен деген... Қыз комада жатты. Үш күннен кейін шақалақты, немеремді өз қолыммен алып шықтым. Өзінің перзентін қызым әдемілеп алып шыққанда болмас па еді деп, арман болып, көзімнен жас тамып, нәрестені иіскеп, жылап, солай алып шықтым ауруханадан», – дейді ол.

«Тергеудің әділ өткенін талап етемін»

Дәрігерлер Зарина Сұлтанның өліміне анафилактикалық шок себеп болғанын айтқан. Бірақ сот-медициналық сараптама қорытындысы әлі шықпаған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған.

Марқұмның әкесі Бақытжан Бекжанов тергеудің әділ өтетініне сенбейді. Ол қызы көз жұмған перзентхана басшылығы толықтай жауапқа тартылуы тиіс дейді.

«Олар түнде кезекші болған дәрігерді шығарып жіберіп, өздері құтылып кетпекші. Бір жұмыс болғаннан кейін барлығы бірге кетуі керек. Барлығының жазалануын сұраймын. Жауап берсін барлығы заң алдында. Тергеудің адал өткенін сұраймын», – деді Бақытжан Бекжанов.

Зарина Сұлтанның артында екі баласы мен күйеуі қалды.