Маңғыстау облысы Ақтау қаласының жұмыссыз жүрген азаматтары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жұмыссыз жастар ешқандай саяси талап жоғын айтады.
- Сіз бастаған реформаларға сенім артып, сіздің бағытыңызды толық қолдаймыз. Біздің тарапымыздан ешқандай саяси талап жоқ. Біз тек әлеуметтік-экономикалық мәселе, жұмыссыздық проблемасына назар аударуыңызды сұраймыз. Біз, Ақтау қаласының жұмыссыз азаматтары қалада мансап, жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрмыз. Бірақ тұрақты жұмыс таба алмай жүрміз. Арамызда жұмыспен қамту орталығында айлап, жылдап жүрген азаматтар бар. Қазіргі таңда мансап орталығының ұсынатын жұмыстары уақытша немесе айлығы мардымсыз жұмыс орындары, – дейді үндеу жолдағандар.
Олардың сөзінше, Ақтау қаласында аумағындағы ірі компаниялар мансап орталығына бос жұмыс орындарын ұсынбайды.
- Ақтау қаласының аумағындағы ірі компаниялар жұмыспен қамту орталығында тұрған жұмыссыз азаматтардың санын қысқартудың орнына, бос жұмыс орындарын ұсынып, олар пайда болған бос жұмыс орындарына адамдарын сырттан, enbek.kz немесе “Самұрық” секілді басқа сайттарға салып, сол жерден адамдарды жұмысқа алып отыр. Қазіргі таңда Ақтау қаласының мансап, жұмыспен қамту орталығында 5700 адам тіркеуде тұр. Біз, Ақтау қаласының жұмыссыз жүрген азаматтары Маңғыстау облысы әкімшілігіне, жұмыспен қамту орталығына, Ақтау қаласының әкімшілігіне, мәслихатқа, прокуратураға, мәжіліс депутаттары мен “Аманат” партиясына, Маңғыстау облысының қоғамдық кеңесіне бардық, – дейді жұмыссыз азаматтар.
Бірнеше рет кездесу болған. Ұжымдық хаттар да жазған. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ.
- Біз барған жерлерде жазған хаттарымызда көтеріп жүрген мәселеміз – тұрақты жұмыс мәселесі. Маңғыстау облысында ірі компанияларды аудандарға бөліп, меморандумға отырғызған. Бірақ Ақтау қаласы меморандумнан тыс қалған. Сондықтан ірі компаниялардан ешқандай бос жұмыс орны бөлінбей отыр. Біз көтеріп отырған мәселе – Ақтау қаласы аумағындағы ірі мекемелерден бос жұмыс орындарының бөлінуін сұраймыз, – дейді азаматтар.
Олар ірі компаниялардың атауын тізіп, өз талаптарын қойды.
- Атап айтқанда, “ҚазТрансОйл”, МАЭК, “Морпорт”, “CASPI BITUM” және басқасы. Біздің талабымыз Ақтау аумағындағы ірі компаниялар Ақтау қаласымен меморандумға отырсын. Бөлінген бос жұмыс орындары тікелей Ақтау қаласының мансап орталығына берілсін. Біздің үміткерлер еш себепсіз жұмысқа орналассын. Құрметті Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біздің сізге үндеу жолдаудан басқа амалымыз қалмады. Осы мәселемізге тікелей араласуыңызды сұраймыз, – дейді азаматтар.