Алматы облысында бірнеше адам оқушыны зорлап, оны видеоға түсірген

Сырым Қаржас
ЖИ / ulysmedia.kz

Алматы облысында бірнеше адам оқушыны зорлап, оны видеоға түсірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оқиға Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылында болған. Телеграмдағы мәлімет бойынша, бірнеше адам жетім қызды зорлаған. Артынша бәрін видеоға түсіріп, интернетке таратып жіберген. 

ТЕРГЕУ

Қазіргі уақытта бұл дерекке қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс қозғалған. Тергеушілер істің мән-жайын анықтап жатыр. 

БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ НЕ ДЕЙДІ?

Жамбыл аудандық білім бөлімі мектеп директоры бұл оқиға туралы дер кезінде хабарлағанын айтады. Алайда телеграмдағы мәлімет бойынша, ата-аналар басшылық бұл істі жылы жауып қалуға тырысқанын айтады. 

Жамбыл ауданының білім бөлімі таратқан мәліметке сәйкес, мектеп директоры сабақтан тыс уақытта, мектеп аумағынан тыс жерде – жекеменшік үйде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған оқиға 21 қыркүйекте, жексенбі күні болғанын анықтаған. Бұл туралы естіген бойда директор бірден құқық қорғау органдарына хабарлаған.

ОҚУШЫЛАРМЕН ЖҰМЫС

Оқушылармен жеке профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Психологиялық қолдау орталығының мамандары зардап шеккен жасөспірімге көмек көрсетіп жатыр.

– Мектеп директоры дұрыс әрекет етті, ол полицияға дереу хабарлауға міндетті болатын. Қазір тергеу органдары қылмыстық іс қозғады, барлық мән-жай анықталады. Дегенмен, біз қоғамнан жалған ақпарат таратпауға және балаларға қатысты мәселелерді хайпқа айналдырмауға шақырамыз. Себебі баланың тағдыры мен жағдайы – ең бастысы, – деді Жамбыл ауданының білім бөлімі басшысы Светлана Алтынбекова.

Айта кетейік, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, прокурордың рұқсатынсыз сотқа дейінгі тергеу деректерін жария етуге тыйым салынады. Сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 423-бабында мұндай құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.