Қазақстандықтар eGov арқылы Медициналық сақтандыру қорына мыңдаған шағым жолдады

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) eGov mobile қосымшасындағы «Халықтық бақылау» сервисі арқылы 6,3 мың өтініш түскен. Кейбір азаматтар емделу тарихынан өздері алмаған медициналық қызметтер мен тапсырмаған талдауларды анықтаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Қордың баспасөз қызметінің мәліметінше, мұндай жағдайлардың барлығы бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

– Кейбір қолданушылар қосымшадан өздері шын мәнінде алмаған медициналық көмекті көрген. Біз мұндай өтініштерді тексеріп, нәтижесіне қарай шара қабылдаймыз, – деп мәлімдеді қор өкілдері.

Мұндай сәйкессіздіктерді медициналық қызметтерді негізсіз тіркеу деп атайды. Яғни емхана пациентке көрсетілмеген қызметтерді жүйеге енгізіп, сол үшін қордан ақша алады.

Өз медициналық тарихыңызды eGov mobile қосымшасынан тексеруге болады. Ол үшін «Денсаулық» бөліміне кіріп, «Медициналық қызметтер тарихы» бөлімін ашу қажет. Онда азаматтың қандай медициналық көмек алғаны, оның қашан көрсетілгені және қай қаражат есебінен төленгені жазылады.

Контекст

Еске салайық, 2025 жылғы сәуірде Мәжіліс депутаты Асхат Рахимжанов МӘМС жүйесін таратуды талап еткен болатын. Ол бұл жүйені қазақстандықтардың ақшасын тартып алуға арналған схема деп атады.

«Жекелеген медицина қызметкерлері ақ халат киген бопсалаушыларға айналды», – деген еді депутат.

Сол кезде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ведомство ӘМСҚ-ға түсетін қаражаттың тек 1 пайызына ғана бақылау жүргізе алатынын мойындаған.